Қарағандыда ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемі артпақ

Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жалпы көлемі 2022 жылы 468,6 миллиард теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға жоғары болды, деп хабарлайды Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Биылғы жылы бұл сомманы 502,7 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Аймақта өткен жылы мүйізді ірі қара мал басы 4,3 пайызға, жылқы басы 11,3 пайызға, қой және ешкі басы 6%-ға көбейсе, құс 15,1%-ға артқан. Өткен жылы 121,3 мың тонна ет, 426,3 мың тонна сүт, 652,3 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Ауылшаруашылық дақылдарының егіс алқабы 19,3 мың гектарға ұлғайып, 1192,5 мың гектарға жетті. 2022 жылы 403 мың тонна картоп жиналған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,1 пайызға көп. Сондай-ақ, 102,3 мың тонна көкөніс өсірілді.

2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 502,7 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ет өндірісінің көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 101,8 пайызға артып, 123,5 мың тонна болады деп күтілуде. Сүт өнідірісі 102,9%-ға артып, 438,7 мың тонна болады. Сондай-ақ, 701,3 млн дана жұмыртқа шығарылады деп жоспарланып отыр, - дейді Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Бошпанов.

Жалпы егіс алқаптарының көлемін 21,8 мың гектарға ұлғайту көзделуде. Оның ішінде дәнді дақылдар алқабы 1,4%-ға, картоп 1,2%-ға, көкөніс 4%-ға, майлы дақылдар алқабын 2,7%-ға арттыру жоспарлануда.

Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылы ауыл шаруашылығын дамытуға 22 млрд теңге көлемінде субсидия қарастырылған.

Қарағанды облысында 2023 жылы ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдау қарастырылған. Субсидиялау 22 млрд 154 мың теңге көлемінде болады. Сонымен қатар, төрт бағдарлама бойынша өсімдік шаруашылығы саласын қолдау да жүргізіледі, - деді Сырым Бошпанов.

Еске сала кетейік, Биылғы жылы Қарағанды облысында агроөнеркәсіп кешенінде 19 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отырғандығын, ол үшін бюджеттен 15 миллиард теңге бөлінгендігін жазған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы