Қарағандыда әр бала бақылауда: суицидтің алдын алу шаралары жаңартылды

Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу шаралары күшейтілді. Өңір прокуратурасының бастамасымен әзірленген арнайы алгоритм облыс әкімдігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаңа тәсілдер тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға және мектептер, ата-аналар мен мамандар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған. Бастама «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында іске асырылып отыр.

Қарағанды облысы прокурорының аға көмекшісі Айжан Оразбековатың айтуынша, өңірдегі мектептер мен колледждерде оқушылардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы алгоритм енгізілген. Ол педагогтерге балалардың мінез-құлқындағы алаңдататын белгілерді дер кезінде байқап, нақты әрекет етуге мүмкіндік береді. Алгоритм сынып жетекшілері, мектеп әкімшілігі мен психологтардың іс-қимыл тәртібін нақты айқындайды.

Мамандар суицидке итермелейтін негізгі себептер қатарында ата-ана назарынсыз қалу, отбасындағы тұрақсыздық, жалғыздық, біржақты махаббат пен жақын адамынан айырылу секілді психологиялық факторларды атап өтті.

Қазіргі уақытта мектептерде «Көңіл күй күнделігі» енгізіліп, мобильді қосымшалар арқылы тәуекел белгілерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар психикалық қолдау орталығы мамандарға арналған модульдік оқыту бағдарламасын әзірлеген.

Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан және профилактикалық есепте тұрған 23 мыңнан астам оқушы тұрақты патронажбен қамтылған.

Білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев педагог-психологтар тапшылығы кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл бағытта Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетімен меморандум жасалып, мамандар облыс әкімі гранттары арқылы даярлануда.

Жиын барысында «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заңның негізгі нормалары да түсіндірілді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тәуекел аймағындағы әр бала үшін жеке жауапкершілік қажет екенін атап өтіп, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке басқарма құру мәселесін пысықтауды тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы