Қарағандыда 25 көпқабатты үйлердегі өртті өшіретін автосаты жоқ
Бүгінде Қарағандыда 25 қабатты биік үйлердің жоғарғы қабатында өрт шыққан жағдайда пайдаланылатын автосаты жоқ. Арнайы техника Қарағанды горнизонында тек 2025 жылы пайда болмақ, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысының аумағында өрт сөндіруге арналған 13 автосаты бар. Бірақ бұл автосатылар биік үйлердің 25-қабатында өрт шыққан жағдайда жоғарғы қабатқа дейін жетпейді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті келесі жылы бұл мәселе шешімін табатынын айтады.
Бұл біздегі ең өзекті мәселе. Облыста 13 автосаты, оның ішінде 32 метрлік және 50 метрлік автосаты бар. Биылғы жылы лизинг бағдарламасы арқылы 19 техника алу жоспарланып отыр, соның екеуі көпқабатты үйлердегі өртті өшіруге арналған техника болады. 54 метрлік 2 автосаты сатып алу жоспарланған. Бұл бойынша қаржы қарастырылған, сатып алу процедуралары жүргізіліп жатыр. 2025 жылы осы екі автосатымыз келіп, Қарағанды облысының горнизоны осындай техникамен толығады деп отырмыз, - дейді ТЖД бастығының орынбасары Аманбек Бейсембаев.
Оның айтуынша көпқабатты тұрғын үйлер өрт қауіпсіздігі баспалдақтарымен қамтамасыз етіледі, арнайы жабдықталады.
Қарағандының жыл сайын көркейіп, үлкеюіне байланысты қалада 25 қабатты биік үйлер салынып жатыр. Мұндай үйлерде өрт болмасын деп тілейміз. Алайда төтенше жағдай болса біз тиісті жұмыстарды атқарамыз. Бізде қысымды насоспен жабдықталған арнайы техника бар. Биік ғимараттардағы өртті сөндіруге пайдаланылады, - дейді Аманбек Бейсембаев.
Департамент басшылығының мәліметінше, облыстағы өрт сөндіру техникалары жыл сайын жаңартылып отырады. Қазіргі жауынгерлік есепте тұрған техникалардың барлығы тілсіз жаумен күресуге жарамды.