Қарағандыда 17 үйірме тегін жұмыс істеп тұр

Қарағандының №2 Оқушылар сарайында балалардың жазғы демалысын сапалы, қызықты өткізуіне барлық жағдай жасалған. Мұнда қазіргі таңда 17 үйірме жұмыс істеп тұр. Үйірмелер мен қосымша сабақтардың барлығы тегін жүргізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қарағандының Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданындағы Оқушылар сарайы 2021 жылы ашылған. Заманауи ғимаратта балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалануына арналған түрлі үйірмелер мен қосымша сабақтар ұйымдастырылған.

2024 жылдың жазы 1 маусым күні «Қауіпсіз жаз» деген үлкен акциямен басталған болатын. Бізге Төтенше жағдайлар департаменті, Санитарлы эпидемиялогиялық департамент өкілдері, Ювеналды полиция бөлімінен және қалалық, облыстық Дін басқармаларынан мамандар келіп, балаларға жаз айларында уақытты тиімді пайдаланып ғана қоймай, сапалы, қызықты әрі қауіпсіз өткізуге болатындығын көрсеткен болатын. Осы нұсқаулықтардан кейін балалар мерекелік іс-шараларға, шеберлік сыныптарына, түрлі ойындарға қатысып, үйірмелерге жазылды, - дейді Оқушылар сарайының директоры Шаризат Алтынбекова.

1 маусымда бастау алған «Бақыт деген сенің бала күндерің» акциясының аясында Оқушылар сарайында жүргізіліп жатқан үйірмелер мен лагерьге 4288 бала қатысып үлгерген.

Оқушылар сарайына 5 жас пен 17 жас аралығындағы балаларды қабылданады. Ең кішкентай тәрбиеленушілеріміз «Шамшырақ» ерте жастан дамыту сыныбына қатысады. Сондай-ақ, Оқушылар сарайында коррекциялық гимнастика, шахмат, дойбы ойындары, микроэлектроника, қолөнер, , кескіндеме, бейнелеу өнері студиялары, музыка сыныбы және басқа да көптеген үйірмелер жұмыс істеп тұр. Балалардың ағылшын және орыс тілі бойынша қосымша сабақтарға қатысуына мүмкіндіктері бар. Оқушылар сарайына алғаш келген балаларды қызыл, сары, жасыл деген сияқты 3 топқа бөлеміз. Топ-топқа бөлінген балалар әрбір қабаттағы үйірмелердің барлығына кезек-кезек қатысып, кейін өздеріне ұнағанына баратын болады. Жалпы жаз айларын педагогтарымыздың еңбек демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында кесте құрып, 4 маусымға бөлген болатынбыз. Әр маусым 2 аптадан тұрады. Оқушылар сарайына келген балалар 4 маусымға да қатыса алады. Ай сайын үйірмелердің саны балалардың келу қажеттіліктеріне байланысты өзгеріп тұрады. Үйірмелер жаз бойы жұмыс істейтін болады.Қазіргі уақытта 17 үйірме балаларды қабылдап жатыр. Балаларымыз күн сайын пайдалы әдеттермен танысып, өнер, білім игеріп, барынша қызығушылық танытуда. Ата-аналардың тарапынан да сұраныс өте жоғары, - деп атап өтті Шаризат Алтынбекова.

Сонымен қатар  Оқушылар сарайы қала мектептерінің жанынан құрылған лагерьлермен бірлесе жұмыс жасайды. Лагерьлерде балалардың қауіпсіздік техникаларын меңгеріп, қоғамда өзін-өзі ұстау әдеттерін қалыптастыру бағытындағы әлеуметтік шаралар мен олардың үйірмелерге келу арқылы қызығушылығын анықтау мақсатындағы шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Оқушылар сарайындағы үйірмелер мен лагерьге 1-19 маусым аралығында тұрақты құрамда 2400-дей бала қатысса, мектеп жанындағы лагерьлерді қосқанда 4288 бала қамтылған.

Оқушылар сарайының педагогтарының білімі мен тәжірибесі өте жоғары. Екі жыл қатарынан балаларымды жаз айларында осы жердегі үйірмелер мен қосымша сабақтарға қатыстырымын. Баланың күні бойы гаджетте отырмай, уақытын сапалы, мағыналы өткізуіне таптырмас орта. Ең бастысы барлық үйірмелер тегін. Қызым сурет салу, шахмат үйірмелеріне қатысса, ұлым робототехника мен дойбыға қатысады, - дейді қала тұрғыны Жазира Асылзатқызы.

6 жастағы Айару Сәрсембай «Шамшырақ» үйірмесіне қатысады. Топтағы балалармен бірге күн сайын таңғы жаттығу жасайтындығын, түрлі ойындар ойнап, уақытын қызықты өткізетіндігін айтады.

Лагерь маған өте қатты ұнайды. Біз таңертең далада, кейде спортзалда жаттығу жасаймыз. Одан кейін робототехника сыныбына барамыз. Апайларымыз әртүрлі ойындар ойнатады. Бұл жерде жаңа достар таптым, - дейді Айару.

Үйірмелерге e-daryn.kz электронды платформасы арқылы немесе Оқушылар сарайына келіп жазылуға болады.

Қарағанды облысы білім басқармасының мәліметінше, биыл жаз маусымында аймақтағы лагерьлердің жұмысын ұйымдастыру бойынша бюджеттен 482 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат лагерьлердің меатериалды-техникалық базасын жаңартуға бағытталған.

1 маусым - Балаларды қорғау күнінен бастап облыстағы мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастады. Оның ішінде 482 лагерь тамақтандырумен болса 434 лагерь тамақтандырусыз лагерьлер болып табылады. Осы лагерьлерде 114 мың оқушы қамтылған. Облыстағы қосымша білім беретін 44 ұйым өз жұмыстарын жалғастыруда. Оларда 38 мыңнан астам оқушы шығармашылық қырларын дамытып, спортпен айналысып, түрлі бағыттардағы жарыстарға қатысып, бос уақыттарын ұйымдастыруда, - дейді облыстық білім басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы