Қарағандыда 1,1 млрд теңгенің жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды
Қарағандыда жалпы құны млрд теңгеден асатын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы коммерциялық мақсатта жер беру кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұзушылықтар орын алғанын анықтады.
Қарағанды қаласының әкімдігі "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңның 62-1-бабын бұза отырып, бағалау рәсімін жүргізусіз бұрын алынған жер учаскелерінің орнына тұрғын емес үй-жайлары бар көппәтерлі тұрғын үй салу және оны одан әрі пайдалануға беру үшін коммерциялық мақсатқа 14 жер учаскесін берген.
Прокуратураның наразылығы бойынша қала әкімдігі жоғарыда аталған қаулының күшін жою туралы талаптарды толық көлемде қанағаттандырды. Құны 158 млн теңге болатын 4 га коммерциялық мақсаттағы 14 жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Басқа жағдайда Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан коммерциялық жерлерді анықтады.
Жер кодексінің 92-бабына сәйкес құрылысқа арналған жер учаскесі мақсаты бойынша пайдаланылмаса, онда мұндай жер учаскесі мәжбүрлеп алынады.
Ірі кәсіпкерлердің бірі 2018 жылдан бастап жалпы ауданы 32 га болатын 6 коммерциялық жер учаскелерін игеруге шаралар қабылдамаған. Қадағалау актісі бойынша кадастрлық құны 1,1 млрд теңге құрайтын осы жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылуда, - делінген Қарағанды облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.