Қарағандыда 106 ауыл мектебі жоғары жылдамдықты интернетке қосылады
Қарағанды облысында 106 ауылдық мектеп Starlink жоғары жылдамдықты интернетімен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Наурыз айының соңына дейін Қарағанды облысына Starlink жабдығы жеткізіледі. Жоғары жылдамдықты спутниктік интернетке 106 шалғайдағы ауылдық мектеп қосылады.
Бүгінгі таңда өңірдің барлық мектептерінде интернет бар. Қызметтерді 612 қосылу нүктесі арқылы 20 жеткізуші көрсетеді. Дегенмен, интернет жылдамдығы барлық жерде минималды талаптарға сәйкес келмейді. Осындай 143 оқу орны анықталды. Қазір техникалық мүмкіндік бар жерде интернет жылдамдығын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Мұндай мектептер саны – 37.
Қалған шалғай ауылдардың оқушылары мен мұғалімдерін интернетпен жоғары жылдамдықпен қамтамасыз ету үшін Starlink терминалдары сатып алынды. Шілде айының соңына дейін 106 мектепті спутниктік байланысқа қосуды аяқтау жоспарлануда.
Өткен жылы Starlink жүйесін сынақтан өткізу жөніндегі республикалық пилоттық жобаға Осакаров ауданы Қарағайлы ауылынан Жамбыл атындағы мектеп қатысты. Оқу орнындағы интернеттің кіріс жылдамдығы 200 Мбит/с дейін, шығыс жылдамдығы 30 Мбит/с дейін өсті.
Илон Маск компаниясының спутниктік интернеті биыл Қазақстанның екі мың ауылдық мектебінде пайда болады.