Қарағандыда 10 жас кәсіпкерге 1,5 млн теңгеден грант табысталды
Бүгін Қарағандыда жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау бағытында жас кәсіпкерлерлерге қала әкімінің гранты табысталды. Байқауға қатысқан 118 қатысушының арасында он кәсіпкердің жобасы үздік деп танылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарағанды әкімдігі мен Қарағанды облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының ұйымдастыруымен үшінші жыл қатарынан өтіп келе жатқан байқауға биыл 118 жас кәсіпкер қатысты. Кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетін немесе өз бизнесін дамытуға ниетті жастардың арасындағы байқау қорытындысында конкурстық комиссия 10 грант иегерін анықтады.
Бұл жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен көмек деп санаймыз. Ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан жас кәсіпкерлер экономика, қаржы, құқықтану және бизнесті масштабтау бағыттары бойынша акселерациядан өтіп, сондай-ақ көпшілік алдында сөйлеу, elevator pitch, бизнес-жобаларды тиімді қорғау тақырыптары бойынша оқытудан өтті. Байқауға қатысушылардың барлығына бизнестің алғашқы қадамы, маркетинг, менеджмент ұғымдары, бизнесті жүргізу мәселелері бойынша офлайн, онлайн форматта оқу жүргізілді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды деп ойлаймын, - дейді Қарағанды облысы кәсіпкерлер Ассоциациясының атқарушы директоры Серік Санаубаев.
Құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, бизнес-құрылымдардың өкілдері және қоғам қайраткерлері кірген конкурстық комиссия мүшелері 10 бизнес жобаны үздік деп танып, оларға 1,5 млн теңге көлемінде грант табысталды. Жеңімпаз жобалардың қатарында арнайы қажеттіліктері бар адамдарға 3D басып шығару арқылы протездер жасау, STEAM заманауи және инновациялық әдістемесі бар IT мектеп, гипстен жасалған бұйымдар шығару, ұлттық тағамдар, қазақи нақыштағы заманауи киім өндірісі жобалары бар.
Қала әкімінің гранты байқауына «Экологиялық таза өнімнен алынатын құрт қазақ ұлттық тағамдары» атты бизнес жобамен қатысып, грант иегері атандым. Қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттап, құндылығын көтеріп жүрген кәсіпкерлердің бірімін. «Құрт-қазақ ұлттық тағамдары» атты дүкендерімізде ұлттық тағамдарымызды бренд ретінде қала тұрғындарына ұсынып, құрттың 20-дан астам түрімен таңғалдырып келеміз. Қаланың 2 сауда үйінде бөлімдеріміз бар. Бұл салада жұмыс жасап жүрген екі жыл ішінде тұрақты тұтынушылар легін қалыптастардық. Осы уақыт аралағында біз дайын өніммен жұмыс жасадық. Сұраныстың өсуіне, франшизаға қызығушылықтың артуына байланысты, ең бастысы көтерме саудаға сұраныстың болуына орай әрі қарай өз өндірісімізді ашуды қолға алдық. - дейді қарағандылық Жазира Төлегенова.
Қала әкімінің гранты иегері атанған кәсіпкерлердің бірі Ғабыләлі Балтабаев тауық етін қайта өңдеумен айналыспақшы.
Біз құс етін қайта өңдеп, тез тамақтандыру орындарына жіберумен айналасатын боламыз. Осы жоба бойынша қала әкімінің грантын ұтып алдым. Әзігре өндірісіміз Қарағанды қаласында. Астана мен еліміздің басқа қалаларына да өнімдермізді жеткізуді жоспарлап отырмыз. Грант иегері атанғаныма өте қуаныштымын, - дейді жас кәсіпкер.