Қарағанды зообағында жаңа ғимарат салынып жатыр
Еліміздегі ең көне хайуанаттар бағы жақын күндері келушілеріне жаңа ғимараттың есігін ашады, деп хабарлайды Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Жеті жыл бойы құрылысы кейінге қалдырылып келген нысан биылғы жылы пайдалануға берілмек.
43,5 гектар аумақты алып жатқан Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағы еліміздегі ең көне зообақ болып саналады. Ол сонау 1938 жылы құрылған. 2016 жылы зообақтың 1968 жылы салынған басты ғимаратты апатты деп танылып, орнынан сүрілген болатын. Алайда зообақта жаңа ғимарат салу ісі жеті жылға созылды. Хайуанаттар бағының қызметкерлері мен жануарлар жеті жыл бойы жаңа ғимарат құрылысының аяқталуын күтуде.
Зообақ тұрғындардың сүйікті орнына айналатынына сенеміз. Біздікіндей зообақ аналогы жоқ деуге болады. Елімізде бар-жоғы 3 мемлекеттік зообақ бар. Олар Шымкентте, Қарағандыда және Алматыда орналасқан. Алматы мен Шымкенттің хайуанаттар бағында бәрі басқаша, оларда барлығы бөлек-бөлек орналасқан. Ал біздің ауа райымыздың ерекшелігіне орай, жануарлар бір ғимаратта тұрады. Бізге осылай ыңғайлы, - дейді зообақтың директоры Гүлнара Адамбекова.
Директордың айтуынша, жеті жылда зообақтың қызметкерлері тар жерде тұруға үйреніп те қалған. Дегенменде олар жаңа ғимарат құрылысының аяқталуын тағатсыздана күтуде.
Зообақтың жаңа ғимараты үш қабатты болады. Бірінші қабатта приматтар бөлімі болады. Маймылдарға арналып өоршаулардың үстінен кішігіріп терезе жасалды. Маймылдарға арналған қабаттың едені жылытылатын болады, себебі бұл аңдар жылыны өте жақсы көреді. Сондай-ақ, бірінші қабатта қолтырауын мен мысық тұқымдастар да тұратын болады. Бірінші қабаттың екінші қанатында құстар мекендейді, оларға арналған қоршаулар дайындалып жатыр, - дейді хайуанаттар бағының директоры.
Зообақ ғимаратының екінші қабатында герпетология бөлімі орналаспақ. Ол жерде қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылар мекендейтін болады. Сонымен қатар, осы қабатта аквариумдар мен террариумдар орналасады. Аквариумдар заманауи фильтрлармен жабдықталып, суы тазартылып отырады. 2 қабаттың екінші қанатында зообақ әкімшілігі мен шағын кітапхана және көрме залы орналасады.
Үшінші қабатта конференц-зал мен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кабинеті болады. Зообақ пен университет өзара бірлесе жұмыс жасайды. Университеттің биология факультетінің студенттері зообаққа келіп, тәжірибеден өтеді, дипломдық жұмыстарын жазады, ғылыми жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар, осы қабатта оқушыларға арналған кабинет болады деп жоспарлануда. Ол жерде зообақ қызметкерлері мектеп оқушыларына ашық сабақ өткізетін болады. Қазірдің өзінде ашық сабақтарға сұраныс өте көп, алайда өткізетін орын жоқ, - дейді Адамбекова.
Жаңа ғимараттаға жануарларды айдауға арналған арнайы дәліз бен қызметкерлерге арналған техникалық коридор болады. Бұл қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін қажет, олар жануарларды тордан торға ауыстыруға, оларды тамақтандыруға және қоршауларды тазалауға мүмкіндік береді.
Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, жаңа ғимараттың құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Жалпы аумағы 6245 шаршы метр жерді алып жататын заманауи ғимарат хайуанаттар бағына келушілерді тамыз айында қуантуы мүмкін.
Нысанды тапсыру уақыты – 2023 жыл. Осы жазда нысанды тапсыруды жоспарлап отырмыз. Мүмкін тамыз айында тапсырып қалармыз. Дегенменде жасалатын жұмыстар әлі деп көп, - дейді «MDK – Build» фирмасы директорының орынбасары Вадим Магамадов.
Жаңа ғимаратының құрылысымен қатар, хайуанттар бағының қоршауының да құрылысы қатар жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны 469 млн 700 мың теңге. Жөндеу жұмыстары 2022 жылдың шілде айында басталған, тапсыру уақыты 2023 жылдың қазан айы.