Қарағанды жолдары қашан жөнге келеді
Қаланың жолдарына күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары 1 мамырда басталмақ. Биыл кеншілер шаһарының жолдарын жөнге келтіруге 13 миллиард теңге бюджет қаржысы бөлінген.
Биыл қаладағы қандай көшелердегі жолдар жөнделеді, жол сапасы қадағалана ма, кепілдік мерзімі аяқталмаған жолдарды жөндеу жүргізілеме? Осы сұрақтарға жауап іздеген едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Қарағанды өнеркәсіптік әлеуеті бойынша еліміздегі ең ірі, әрі Қазақстанның экономикалық және индустриалды дамуына орасан үлес қосатын аймақтардың бірі саналады. Алайда «қара алтынның» отаны саналатын кеншілер шаһарындағы жолдардың сапасы көңіл көншітпейді. Жыл сайын жыры бітпейтін Қарағанды жолдарының қазіргі жағдайын көлік жүргізушілері жақсы біледі.
Көктем шыға қармен бірге қаланың жолдары да шұрық-тесік, ойдым-ойдым болады. Шыны керек, жыл сайын қайталанатын құбылыс. Жолдар жөнделмейді емес, жөнделеді. Алайда 2-3 жылдан кейін бұл жолдар тағы да жүруге жарамсыз болады. Жолдарды салған бір бөлек, оның сапасына да қадағалау қажет. Мысалы, Майқұдық ықшам ауданындағы жол 2 жыл салынды. Алайда осы жол 2 жылға жетпей сыр берді, - деп наразылығын білдірді қала тұрғыны Мұхит Барлыбаев.
Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Григорий Ботнарьдың мәліметінше, кепілдік мерзімі бітпеген жолдардың төсемін көктемгі тексеру жұмыстары басталған. Орташа жөндеу жасалған жолдарға кепілдік мерзімі 3 жыл болса, жаңадан салынған немесе күрделі жөнделген жолдарға 5 жыл кепілдік беріледі.
Біз биыл 10 рет тексеріске шықтық. Кепілдік мерзімі өтпеген 127 нысанның тек он бөлігінде ақаулар анықталды. Бұның себебін былай түсіндіруге болады. Біз өткен жылы жол жөндеу бойынша жылы жеке секторды назарға алдық. Аталған жол бөліктерінде көлік жүктемесі жоғары болмағандықтан, жолдардың жағдайы да қанағаттанарлықтай. Ақаулар Кеншілер даңғылының бойынан, Майқұдық ықшам ауданындағы Қазақстанға 50 жыл көшесінде анықталды. Кепілдік мерзімі аяқталмаған жол бөліктеріндегі ақауларды мердігер компаниялар өз қаражаты есебінен жоятын болады, - деді бөлім басшысының орынбасары Г.Ботнарь.
Сонымен қатар қарағандылықтар Казахстанская көшесіндегі жолдың сапасыз салынғандығын айтып, наразылықтарын білдірген болатын. 2020 жылы салынған жол бар-жоғы бір жылдан кейін жүруге жарамсыз болған. Бұған қатысты да бөлім басшысының орынбасары түсініктеме берді.
Казахстанкая көшесі 2020 жылы жөнделді. Келесі жылы көктемде жолда ақаулар пайда болды. Кепілдік мерзімінің алғашқы жылынан бастап біз мердігер компанияны сотқа бердік. Сол жылы мамыр айында сот процесі басталды. Сот шешімі бойынша мердігер компания қазан айында кепілдік міндеттемелерін орындауға кірісті. Сот процесі әлі де жалғасып жатыр. Сот шемімен жолдың кепілдік мерзімі тағы жарты созылған. Біз мердігер компанияның ақауларды өз қаржысы есебінен жөндеуін талап етудеміз - деді Г.Ботнарь.
Қарағанды жолдарын жөнге келтіруге биыл барлық қаржыландыру көздерінен 13 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған Қазіргі уақытта мердігер компаниялар анықталып, олар жол салу жұмыстарына дайындықтарын бастап кеткен. Бөлім басшысының айтуынша, жолдардың барынша сапалы салынуы қадағаланатын болады, ол үшін тіпті мердігер компанияларға ресейлік битумды жеңілдікпен сатып алуға жағдай жасалған.
Өткен жылдан бастап бізде ресейлік битумды жеңілдікпен алу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта біздің мердігер компаниялар қажетті материалдарды жеңілдікпен сатып алды. Жеңілдікпен сатылатын битумнан бөлек, битумның сапасын арттыратын арнайы қоспалар бар, - деді Григорий Ботнарь.
Қарағандыда 920 шақырым жол болса, биыл оның 113 шақырымы жөнделмек. Бөлім басшысының орынбасары қала бойынша жөнделетін жолдарға тоқталды.
Ең алдымен қаланың басты проблемаларының бірі болған Пичугина-Новоселов көшелеріндегі жолдарға күрделі жөндеу жүргізіледі. Биылғы жылы аталған жол бөлігін қолданысқа беріп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары аяқтаймыз. Сонымен қатар, Четское көшесінің бойындағы Федоров теміржол өткелінен бастап К.Дүйсембеков көшесіне дейінгі жолда да күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Естеріңізде болса, біз былтыр Ғарышкерлер көшесін толық жаңғырту жұмыстарын бастаған болатынбыз. Биыл осы нысандағы жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз, - дейді бөлім басшысының орынбасары.
Қарағандылықтарды Е.Бөкетов көшесіндегі жолда құрылыс жұмыстарының басталмауы алаңдатқан болатын. Қарағанды қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылы қазан айында басталуы тиіс болған жолдың құрылысы техникалық түзетулер енгізілуіне байланысты кейінгі қалдырылған. Аталған көшедегі 4 жолақты жолдың құрылысы биыл басталып, тұрғындар жол азабынан құтылатын болады. Бұл жоба бойынша Кеншілер даңғылы қиылысынан Қ.Тәттімбет көшесіне дейін және әрі қарай Күнгей ықшам ауданына дейін жаңа жол салынады.
Сондай-ақ, қаланың жаңа орталығы саналатын Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданындағы Б.Момышұлы көшесі, Кеншілер даңғылы жөнделеді. Басты назар жеке сектордағы жолдарға бағытталмақ. Жеке сектордағы жолдардың топырақ төсемелері асфальтқа ауыстырылатын болады. Бөлім басшысы орынбасарының сөзінше, биыл Сұрыптау, Майқұдық, Михайловка, Үлкен Михайловка, Күнгей және Таугүл ықшам аудандарында бұрын мүлдем жөндеу көрмеген жолдарға асфальт төсемесі салынады. Орталық көшелер бойынша да біршама жұмыстар жасалмақ. Оның ішінде 10 жылдан астам уақыт бойы асфальт төсемесі ауыстырылмаған Н.Назарбаев көшесі, қазіргі уақытта проблемалық жол бөлігі болып табылатын С.Сейфуллин, Қ.Аманжолов, А.Газалиев көшелерінің бойындағы жолдар жөнделеді. Бөлім басшысының орынбасары қала бойынша көптеген жолдың 10 жылға таяу уақыт бойы қызмет еткендігін айтты.
Қазіргі уақытта аталған жобалардың жартысы бойынша ведомствалық сараптамадан өттік. Біршама нысандар бойынша байқау жарияланды. Құрылыс жұмыстарын 1 мамырда бастауды көздеп отырмыз. С.Сейфуллин, Абай көшелеріндегі жолдарға 2016 жылы орташа жөндеу жұмыстары жасалған. Қ.Аманжолов көшесіне де 10 жыл болды, - дейді Григорий Ботнарь.
Қарағандының серіктес қалаларындағы жолдар да жөнге келтірілмек. Дегенменде, жол астындағы инженерлік құрылымдары апатты жағдайлардағы көшелерде жолдар жөнделмейді.
Финский және Шахтерский елдімекендерінде жағдайға байланысты тоқталсақ. Бұл елдімекендердің барлық көшелеріне коммуникациялар тартылмаған, тұрбалары апатты жағдайдағы көшелер де бар. Осы мәселелер шешілмей, бұл көшелердегі жолдарды жөндеудің, бюджет қаржысын жұмсаудың қажеттілігі жоқ. Дегенменде бізде «ақ жол» деп аталатын жоба бар. Ол бойынша көлік қатынайтын жол бөлігіне ақ қиыршық тастар төселеді. Бұл орташа жөндеу жұмыстары басталғанға дейінгі уақытша шара, - деп атап өтті Григорий Ботнарь.
Қарағандылық көлік жүргізушілерінің басты проблемасы бұл – шұңқырлар. Қала әкімінің айтуынша, шұңқырларды бітеу жұмыстары басталып кеткен.
Биыл жолдарды жөндеу жұмыстарын 30 күн ерте бастадық. Осыған дейін шұңқырлар «суық асфальт» техникасымен бітеліп келсе, енді жаз маусымындағыдай ыстық әдіспен жөнделеді. Тұрғындар тарапынан түсетін өтініштердің барлығын шешуге тырысамыз. Биылғы маусымда орташа және күрделі жөндеу жоспарланбаған көшелерде ғана шұңқырларды жөндейміз. Бұл шара бюджет қаржысын үнемдеуге бағытталған, - дейді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов.