Қарағанды жолдары қандай күйде?

Қарағандыда автожүргізушілер кептелісте сағаттап тұруға мәжбүр. Себебі қаладағы бірнеше басты көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қазіргі уақытта қаладағы көптеген көшелерде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатуына байланысты көлік қатынасы шектелген. Автожүргізушілер жол қатынасының қиындап, кептелісте жиі тұратындықтарын айтады.

 Қаланың ескі орталығы мен Оңтүстік Шығысты байланыстыратын Гоголь көшесі, басқа да бірнеше көшеде жол жабық. Осыған байланысты басқа жолдардағы көлік өте көп. Таңертең де, күндіз де, кешке де кептеліс. Бұл әрине қолайсыздықтар туғызады. Мұндайға үйренбеген қарағандылықтарға сағаттап кептелісте тұру қиын. Дегенменде, ой-шұңқырсыз, сапалы жол үшін шыдауға тура келеді. Көктемде қаладағы жолдардың көбінде асфальт қармен бірге еріп, автокөлікпен жүру қиындаған еді. Жаз басталғалы биліктегілер жолдарды жөндеуге кірісіп кетті, - дейді қала тұрғыны Ерсайын Бақтияров.

Бүгінгі таңда қаладағы Мұстафин-Терешкова көшелерінің қиылында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Пичугина көшесінде күрделі жөндеу 2023 жылы басталған болатын, жұмыстар әлі де жалғасуда. Бұл көшенің Теміржол вокзалынан Гоголь көшесіне дейінгі бөлігі толық жөнделіп, суағар, жаяу жүргіншілер жол салынып, абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жасалып, жол пайдаланылуға берілген. Аталған жолдың Гоголь көшесінен «Қарағанды Суға» дейінгі бөлігінде суағар салынуда, қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстары аяқталуға тиіс. Сондай-ақ, Ғарышкер көшесінде де жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жолдың Бұқар Жырау даңғылынан Гоголь көшесіне дейінгі бөлігіне төменгі асфаль төсемесі салынған.

Биыл Қарағандылық мердігер компаниялар жол салуда инновациялық технологиялар қолдана бастады. Заманауи технологиялар асфальт төсемесінің сапасын арттырып, жолдарда жарықшақтардың пайда болуының алдын алуға мүмкіндік бермек.

Қарағанды жолдарында биыл бірінші рет битумды жетілдіруге арналған полимер мен арқаулауға арналған гео тор қолданыла бастады. Мамандардың сөзінше, бұл инновациялық технологиялар жолда жарықшақтардың пайда болуының алдын алады және жол төсеміне түсетін жүктемені біркелкі етеді. Бұл әдістер асфальт төсемесін пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік бермек, - дейді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Егер де аталған технология өзін жақсы жағынан көрсетсе алдағы жылдары қаладағы басқа да жолдарды жөндеуге пайдаланылмақ.

Жол жөндеуге жауапты органдарға жолдың сапасын қатаң қадағалауға тапсырма бердім. Ал мердігер компанияларға кестеден қалмауға, тұрғындарға келтірілетін қолайсыздықтарды азайту үшін, нысандарды барынша тезірек аяқтап, жолдарды пайдалануға беруді тапсырдым, - дейді аймақ басшысы.

Қаланың Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданында да бірнеше көшеде жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Б.Момышұлы мен Б.Әшімов көшелерінің ортасындағы жол асфальттауға дайындалуда. Облыстық сот пен Сарыарқа көшесіне дейінгі жол да жөнделіп жатыр. Ал К.Дүйсембеков көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдаланылуға берілді. Жаңа жолдың бойы жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолы да салынды. Сонымен қатар, биыл қала әкімдігінің балансына өткен Үштөбе бағытындағы жолға да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 Республика даңғылынан Қ.Тәттімбет көшесіне дейінгі Үштөбеге апаратын бұл жол бұған дейін облыстық маңыздағы жол болған. Биыл қала әкімдігінің балансына берілді. Жолдың асфальт төсемесі ескіргендіктен орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жайлы шешім қабылданды, - дейді Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Григорий Ботнарь.

Қазіргі уақытта жолдың асфальт төсемесі толығымен жаңартылып, енді жол салушылар жол белгілерін орнату жұмыстарына кіріскен.

Қалада әлі де басталмаған жобалар бар. Соның бірі – Теміржол вокзалы алдындағы алаң. Шаһардың басты келбеті саналатын вокзал алдындағы жолдың мүшкіл жағдайын қарағандылықтар ғана емес қала қонақтары да үнемі айтып жүр.

Мен такси қызметінде жұмыс істеймін. Вокзалдың алдындағы жолдың ой-шұңқыры көп, әрі терең. Мұнда клиенттердің әкелген күндері әттең-ай деп дейтінім бар. Қалай дегенменде, Қарағандыға пойызбен келген қонақтар ең алдымен осы жолды көреді емес пе. Жаз бітуге жақын, жолдағы шұңқырларды бітеп, тегістеп қоюға болатын еді, - дейді такси жүргізушісі Жанболат Қайырғалиұлы.

Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімі вокзал алдындағы жол жөнделетіндігін айтады.

Бұл жолдағы шұңқырларға тегістеу жұмыстары жасалмайды. Себебі, жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Асфальт төсемесі толығымен жаңартылады, - дейді бөлім басшысының орынбасары Григорий Ботнарь.

Биылғы жылы Қарағандыда 128,5 шақырым жол жөнделмекші. Бұл қаладағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдарды 79,3 пайызға көбейтуге мүмкіндік бермек. Шенеуіктер келесі жылы мүлдем жөндеу көрмеген жолдарды қалыпқа келтіруге кіріспек. Осылайша, қала бойынша жолдардың 90%-ы асфальтталмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы