Қарағанды тұрғыны суретін рұқсатсыз жариялағаны үшін 100 мың теңге өндіріп алды
Әйелдің суреті Instagram-да оның рұқсатынсыз жарияланған
Әйел 20 ақпанда жауапкердің Instagram парақшасынан өзі туралы жарияланымды көрген. Оның суреті рұқсатынсыз жарияланып, тегімен бірге «500 000 теңге» деген жазу қойылған.
Талап қоюшы парақша иесіне сотқа дейінгі талап жолдап, жарияланымды өшіруді және моральдық зиян үшін 250 мың теңге өтемақы төлеуді талап еткен. Талапты алғаннан кейін жауапкер 30 наурызда суретті өшірген, алайда қойылған талаптарды мойындамаған.
К. жарияланымды өшіруді, өзінің суреттерін одан әрі пайдалануға тыйым салуды және моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді талап етіп, сотқа жүгінді.
Істі қарау кезінде сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің азаматтың өз бейнесіне құқығын бекітетін 145-бабын басшылыққа алды. Адамның суретін оның келісімінсіз заңда көзделген жағдайларда ғана пайдалануға болады. Мысалы, ол көпшілік іс-шарада түсірілген болса немесе сурет оның қызметтік не қоғамдық қызметіне байланысты болса, – делінген іс материалдарында.
Талап қоюшының суреті оның келісімінсіз ашық парақшада жарияланып, ұзақ уақыт бойы көпшілікке қолжетімді болғаны анықталды. Жауапкерге К.-ның бейнесін рұқсатсыз пайдалануға мүмкіндік беретін негіздер болмаған.
Сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Л.-ға К.-ның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға тыйым салынды. Сондай-ақ жауапкерден моральдық зиян үшін 100 мың теңге өтемақы және сот шығындары өндірілді.
Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келісті.