11 Қараша 2026, 22:53 Фото: depositphotos.com

Қарағанды полицейлері мал иелеріне төрт түлікті қараусыз қалдырмауды ескертеді

Жол бойында жүрген жануарлар жол-көлік оқиғасына себеп болып, жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Қарағандыда әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізген полицейлер қаланың 21-шағынауданында жол бойында қараусыз жүрген ұсақ малдың видеосын анықтады.

Жануарлардың жол қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескерген тәртіп сақшылары олардың иесін іздеуге кірісті. Учаскелік полиция инспекторлары жүргізген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде мал табылып, иесіне қайтарылды.

Тексеру барысында жануарлардың 73 жастағы зейнеткерге тиесілі екені анықталды. Қарияның айтуынша, малын қораға кіргізіп жатқан кезде жануарлар үркіп, жан-жаққа қашып кеткен. Оларды қайтаруға тырысқанымен, қуып жете алмай, көз жазып қалған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын бағу және күтіп-ұстау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алайда полиция қызметкерлері зейнеткердің жасын және оқиғаның мән-жайын ескеріп, ауызша ескертумен шектелді.

Полиция өкілдері мал иелеріне төрт түлікті қараусыз қалдырмауды ескертеді. Жол бойында жүрген жануарлар жол-көлік оқиғасына себеп болып, жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары тұрғындарды малды бағу және күтіп-ұстау талаптарын сақтап, жануарлардың автожолдарға шығып кетуіне жол бермеуге шақырады.