Бүгiн 2026, 09:18 Фото: freepik.com

Қарағанды парктерінен 5 мыңнан аса кене анықталды

Өңірде кенеге қарсы түнгі өңдеу басталып, тұрғындарға сақтық шараларын күшейту ескертілді.

Қарағанды облысында саябақтар мен скверлерді кенелер мен жәндіктерге қарсы түнгі өңдеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар мамандар мыңдаған кенені анықтап, ондаған тұрғын жәндік шаққанына шағымданған.

16–19 мамыр аралығында Қарағандыда саябақтар, скверлер мен демалыс орындары кенелерге, жәндіктерге және өзге де зиянкестерге қарсы түнгі уақытта өңделіп жатыр. Жұмыстар тұрғындардың өңделген аумақтармен байланысын азайту үшін түнгі 02:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жүргізіледі.

Қарағанды әкімдігі дезинсекция жұмыстарының кестесін нақтылады:

  • 16 мамыр – қаланың оңтүстік-шығыс бөлігі, Федоров су қоймасы және қалалық жағажай;
  • 17–18 мамыр – қала орталығы мен Пришахтинск;
  • 19 мамыр – Майқұдық пен Сортировка.

Әкімдік тұрғындардан көрсетілген уақыттарда өңделіп жатқан аймақтарға бармауды сұрады.

Сонымен қатар өңірде кенелердің белсенділігіне эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың алғашқы төрт айында табиғи ортадан 5645 кене жиналған. Бұдан бөлек, адамдардың денесінен 302 кене алынған: оның 180 жағдайы Қарағандыда, 48-і Теміртауда, 20-сы Саранда, 20-сы Шахтинскіде және 34-і облыс аудандарында тіркелген. Мамандар зерттелген материалдардан инфекция анықталмағанын айтты.

Қарағанды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин профилактикалық жұмыстар жыл сайын жүргізілетінін және бірнеше шараны қамтитынын атап өтті.

Күн жылынғаннан кейін Ұлттық сараптама орталығының мамандары кіретін зоологиялық-паразитологиялық топтар мониторингке шығады. Олар кенелер мен олардың қорек көздерін жинап, санының өзгеруін бақылайды. Жиналған материал аса қауіпті инфекциялар зертханасына жіберіледі. Бұл – мемлекеттік тапсырыс аясында атқарылатын жоспарлы жұмыс. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында табиғи ортадан 5600-ден астам кене жиналып, адамдарды шаққан жағдайлар тіркелді. Алайда өңір аумағында зерттелген үлгілерден қауіпті инфекциялар анықталған жоқ, – деді Юрий Залыгин.

Мамандардың айтуынша, тұрғындарды қорғаудағы басты құрал – профилактика. Әсіресе аумақтарды өңдеу, мониторинг жүргізу және сақтық шаралары туралы халықты ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Департамент вакцинация мәселесіне де тоқталды. Қарағанды облысы кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймаққа жатпайтындықтан, жоспарлы вакцинация жүргізілмейді. Дегенмен эндемиялық өңірлерге баратын тұрғындар медициналық ұйымдарда ақылы негізде екпе ала алады.

Мамандар кене табылған жағдайда травмпунктке жүгінуге немесе оны пинцет не жіптің көмегімен абайлап алып тастауға кеңес береді. Кейін шаққан жерді антисептикпен өңдеп, кенені зертханаға тапсыру үшін сақтап қою қажет. Сондай-ақ 14 күн бойы денсаулық жағдайын бақылап жүрген жөн.

Дәрігерлер кенеге май немесе вазелин жағуға болмайтынын ескертеді. Өйткені бұл инфекция жұқтыру қаупін арттырады. Алдын алу үшін ашық түсті жабық киім киіп, репелленттер қолданып, серуен кезінде денені жиі тексеріп тұру ұсынылады. Егер эндемиялық аймақтарға сапар жоспарланса, мамандар эпидемиологиялық жағдайды алдын ала нақтылап, қажет болса вакцинациядан ертерек өтуді ұсынады.