Қарағанды облысының экологиялық проблемалары қалай шешімін табуда
Қарағанды облысы еліміздегі ауасы ластанған өңірлердің алдыңғы қатарында. Аймақта ауа ластайтын 15-ке тарта кәсіпорын бар. Өңірдегі жалпы экологиялық ахуалды жақсарту бағытында қандай шаралар атқарылып жатқандығы жайлы Экология департаментінің басшысы айтып берді, деп жазады BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Еліміздің ірі өнеркәсіптік аймағы саналатын Қарағанды облысында экологиялық проблемалар өзекті. Облыстың ауасы ең газдалған қаласына Теміртау жатады. Мұндағы көрсеткіш 112 мың тоннаға жетсе, Балқашта 37 мың, ал Қарағандыда 18 мың тоннадан асады.
Қарағандыдағы ауаның ластануы жекеменшік тұрғын үйлердің қатты отынды пайдалануы салдарынан болып отыр. Қала бойынша 25 мыңнан астам жекеменшік тұрғын үй бар. Бұл проблеманы шешу үшін жергілікті атқарушы органдар жекеменшік үйлерді орталықтандырылған табиғи газға қосу бойынша шаралар атқаруда. Бүгінгі күнге дейін газбен жабдықтау желілеріне 6 мыңнан астам жекеменшік үй қосылған. Теміртаудағы ауаның ластануы «Qarmet» компаниясының жұмысына тікелей байланысты. Кәсіпорындардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайту мақсатында «Қалдықтардың көлемін азайту стратегиялық шаралар жоспары» дайындалуда. Ауаны ластау көлемін азайту үшін кәсіпорынды газдандыруға толықтай көшіру қажет. Бұл шара қысқа уақыт аралығында ауа ластаушы 60 мың тонна қалдықтың алдын алуға мүмкіндік береді, - дейді Экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов.
Департамент мәліметінше, Балқаш қаласының ауасын басты ластаушы «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС мыс қорыту зауыты. Жоспарланған шараларға сәйкес кәсіпорын 2025 жылға қарай күкірт қышқылы цехының екінші желісін іске қосуды көздеп отыр. Бұл ауаны ластаушы заттардың шығарындыларын 50%-ға немесе 31 мың тоннаға дейін азайтып, қаланың экологиясын жақсартуға мүмкіндік бермек. Аймақтағы ірі кәсіпорындардың зиянды шығарындыларына мониторинг жасау мақсатында жаңа экологиялық Кодекс бойынша «Автоматтандырылған мониторинг жүйесін» қосу қарастырылған. Қазіргі уақытта облыс бойынша 12 кәсіпорын АМЖ қосуды жоспарлап отыр.
Қарағанды облысындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында экология департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қарағанды облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша 2020-2024 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеген. Өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту бойынша әзірленген Жол картасы аясында 2023 жылы 22 іс-шара орындалса, үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында жаңартылған жол картасы бойынша 4 іс-шара орындалған.
Біріншіден, Балқаш қаласындағы жекеменшік тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Екіншіден, Қарағандыдағы жолаушылар тасымалдайтын автобустар паркі жаңартылды. Үшіншіден, қалааралық, облысаралық маршруттардағы қоғамдық көліктер жаңартылды. Төртіншіден, «Kazakhmys Energy» кәсіпорнының аумағы көгалдандырылды, - дейді Д.Исжанов.
Мекеме басшысының сөзінше, жол картасының орындалуы департаменттің тұрақты бақылауында. Облыстың ірі кәсіпорындары 2024 жылдың І жартыжылдығына 35 млрд теңгеден астам қаржыға табиғат қорғау іс-шараларын орындауды жоспарлаған. Өткен жылдың осы кезеңінде 27 млрд теңге салынған.
Аймақтағы өзекті экологиялық проблемалардың қатарына қоқыс үйінділерінің пайда болуын да жатқызуға болады. Биылғы жылы аймақтағы 420 қоқыс үйіндісінің 167-сі жойылған. Бұл жалпы қоқыс үйінділерінің 40%-ын құрайды.
Бір айта кетерлігі облысымызда қоқыс үйінділері жыл сайын екі есеге дейін азайып келеді, 2022 жылы аймақта 1360, 2023 жылы 745 қоқыс үйіндісі болған. Биыл бұл көрсеткіш 253-ке дейін азайды. Сонымен қатар, тұрмыстық қатты қалдықтардың заңсыз полигондарымен күресу жұмыстары жасалуда. Қазіргі таңда аймақта осындай 168 полигон болса, оның 61-і заңдастырылған, - дейді Исжанов.
Экологтар жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметімен бірлесе жыл басынан бері қоршаған ортаны ластаудың алдын алу мақсатында 47 рейдтік шаралар ұйымдастырып, нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 53 хаттама толтырылып, тұрғындарға 1,3 млн теңгеге айыппұл салған.
Мемлекеттік экологиялық бақылау бойынша департамент 2024 жылдың 1 жартыжылдығында 42 тексеру жүргізді, оның 27-сі жоспардан тыс, бесеуі біліктілік талаптарына сәйкестігін анықтау бойынша, 10-ы профилактикалық бақылау жасау. Сондай-ақ, 300 кәсіпорынға профилактикалық бақылау жасалып, экологиялық заңнаманы бұзудың 67 фактісі тіркелді. Нәтижесінде заңбұзушылық жою бойынша 90 нұсқама берілді. Жыл басынан бері жалпы соммасы 16 698 399 теңгені құрайтын 38 әкімшілік айыппұл салынды. Өткен жылы салынған әкімшілік айыппұлдармен қосқанда 2024 жылдың 1 жартыжылдығында 1,5 млрд теңге айыппұл өндірілді. Сонымен қатар, «Алтай Полиметал» ЖШС-на кәріз суларын рұқсатсыз ағызғаны үшін 313 млн теңгеге айыппұл салынды. Экологиялық заңнаманы өрескел түрде бұзған 5 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды, - дейді департамент басшысы.
Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да қарағандылықтар қалыс қалмауда. Жыл басынан бері аймақта аббатандыру, санитарлық тазалау мен көгалдандыру шаралары қарқынды жүргізілуде.
Акцияға 122 мыңнан астам адам, 10 743 кәсіпорын қатысып, 1400 бірлік техника жұмылдырылды. Жалпы көлемі 51 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. Барлық қазақстандықтарды еліміздің экологиялық жағдайына бей-жай қарамауларын сұраймын. Экологиялық мәдениетті арттыра отырып, бірлескен күш-жігермен экологиялық жағдайды жақсарта аламыз, қарапайым тілмен айтқанда халықты тазалықтың қарапайым ережелерін сақтауға шақырамын, өйткені таза өлке - тазаланатын жер емес, қоқыс тасталмайтын жер, - дейді Исжанов.