Қарағанды облысының әкімі саяжай аумақтарын тексеруді тапсырды
Қарағанды облысының басшысы Ермағанбет Бөлекпаев төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында саяжай учаскелері бойынша өртке қарсы профилактикалық рейдтер өткізуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында өрт қауіпті кезеңге және шомылу маусымын қауіпсіз өткізуге дайындық талқыланды.
Саяжай маусымы ашылды. Тұрғындар өз учаскелерін тазалап, егіс жұмыстарын бастады. Көктем-жаз кезеңінде өрттің туындау қаупі едәуір артады. ТЖД қызметкерлеріне профилактикалық жұмыстарды күшейту, саяжай аумақтары бойынша рейдтер жүргізу қажет, – деп атап өтті отырыс барысында Ермағанбет Бөлекпаев.
Табиғи өрттерге жедел ден қою үшін ТЖ департаментінде облыстық штаб құрылды. Рейдтік іс-шараларға 58 мобильді топ қатысады.
Өрт қауіпті кезеңнің тұрақты өтуі ерекше бақылауда. Маусым басталғаннан бері біз Қарағанды мен Теміртау қалаларындағы саяжай учаскелерінің аумағында құрғақ шөптер мен қоқыстарды жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың төрт фактісін анықтадық. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Қарағанды облысы ТЖ департаменті бастығының м. а. Нұрлан Бекбосынов.
Дала өрттеріне жедел ден қою үшін жергілікті атқарушы органдар 252 ерікті өртке қарсы құралым құрды. Облыс аумағында табиғи өрттерді жою үшін 45 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді.
Өрт сөндіру бекеттерін дамыту алдағы уақытта да жалғасатын болады. Ағымдағы жылға арналған жоспарда Ақтоғай, Қарқаралы, Шет аудандарының аумағында тағы үш бекет құру көзделген. Бұдан басқа, Ақтоғай ауданы Сарышаған кентінде өрт сөндіру бекетін қосымша құру жоспарлануда, – деп толықтырды Нұрлан Бекбосынов.
Сондай-ақ, отырыс барысында Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі белсенді жазғы демалыс үшін қауіпсіз және тегін жағажайларды жабдықтауды тапсырды. Мұндай орындардың жетіспеушілігі тұрғындарды жабдықталмаған жерлерде шомылуға және өз өмірлеріне қауіп төндіруге итермелейді, деп атап өтті өңір басшысы.
Бүгінгі таңда облыста жаппай демалуға арналған 76 жағалау аймағы бар. Тағы 240 орын қауіпті деп танылды. Шомылу маусымы басталғанға дейін бұл жағажайларда тыйым салу және ескерту белгілері орнатылады.