Қарағанды облысында үш күннен бері іздестіріліп жатқан малшы табылды
14 ақпанда Қарағанды облысында қарда жүретін көлікпен жылқы іздеп кеткен малшы табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Рolisia сайтына сілтеме жасап.
37 жастағы табыншыны әріптестері мен туыстары өздері іздеп, кейін полицияға хабар берген. Хабар алған сәттен Нұра аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері іздеу жұмыстарына қосылды. Ер адамның толық сипаттамасы бар бағыттама облыстағы барлық полиция бөлімдеріне және жақын маңдағы облыстарға жіберілді.
Кеше полицейлер ер адамды іздеуге ТЖМ тікұшағын екі рет аттандырды. Бірақ нәтиже болмады. Жаяу іздеулер де нәтиже бермеді.
Малшыны тірідей табамыз деген үміт минут санап сөніп бара жатты. Ал бүгін жоғалып кеткеніне үш күн болған ауыл тұрғынының табылғандығы туралы учаскелік инспектор Бекзат Шокембаевтан ақпарат келіп түсті. Жоғалған азамат өз ауылынан 120 шақырымға, яғни Қарағанды мен Ұлытау облыстарының шекарасындағы қыстақта болғаны анықталды, - деп хабарлады.