Қарағанды облысында талапкерлер ҰБТ-ны 4 пунктте тапсыратын болады
Аймақта Ұлттық біріңғай тестілеу 16 мамырда басталып, 5 маусымға дейін жалғасады. ҰБТ нәтижелері білім беру грантын иелену конкурсына қатысуға және жоғарғы оқу орындарына ақылы негізде түсуге мүмкіндік бермек, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Биылғы жылы Қарағанды облысының мектептерінде 9-сыныпты 15 мыңнан астам және 11-сыныпты 7 мыңнан астам оқушы бітіреді деп күтілуде. Сонымен қатар 11-сыныптың 104 түлегі «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер.
ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдың түлектері мен колледж түлектері қатыса алады. Талапкерлер 28 сәуірден 14 мамырға дейін Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы тестілеуге өтініш береді. Тестілеу практоринг және бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіле отырып, электронды форматта өтеді. Биыл облыста 4 пунктің базасында тестілеу өткізіледі. Оның үшеуі жоғарғы оқу орындарының, біреуі Балқаш қаласында колледж базасында, - деді Қарағанды облысы білім бөлімінің басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Бір айта кететіндігі талапкерлер өтініш бергенде тестілеу күнін, орнын, уақытын өздері таңдайды. Жалпы елімізде ҰБТ жылына 5 рет өткізіледі. Оның 3-еуі ақылы бөлімде оқығысы келетіндерге, екеуі мемлекеттік грант байқауына қатысуға ниетті оқушылар үшін. Тағы бір айта кетерлігі, біздің елімізде оқытушылар ҰБТ-сыз жоғарғы оқу орнына түсе алмайды.
ҰБТ-ға қатысушы талапкерлер «Қазақстан тарихы», «Оқу сауаттылығы», «Математика сауаттылығы» және екі бейінді пәннен тест тапсырады. Тапсырмалар саны 120. Шығармашылық мамандықтарға түсуге ниет білдірген талапкерлер тек «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндерінен тапсырады. Шығармашылық емтихандардың өзі ЖОО-ның базасында өткізілетін болады, - деді бөлім басшысы.