Қарағанды облысында су тасқынының шарықтау шегі өтті

Қарағанды ​​облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желідегі парақшасында тұрғындарға жүгінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрметті жерлестер! Біздің облыста су тасқынының қауіпті кезеңі өтті! Өзара бірлігіміздің арқасында біз облысымызда су тасқынының залалын барынша азайттық. Бұл үшін қажетті барлық шаралар жасалды. Мен құтқарушыларымызға, полицияға, әскерилер мен еріктілерге, кәсіпкерлер мен мердігер ұйымдарға және тұрғындарға су тасқынына қарсы шараларға белсенді қатысқаны үшін алғысымды білдіремін. Бүгінгі таңда біздің барлық 237 гидротехникалық құрылыстарымыз үздіксіз жұмыс істеп, қажетті су көлемін қабылдады, - деді өңір басшысы.

Биыл Шерубай-Нұра су қоймасы арқылы 256 млн, ал Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан 410 миллион текше метр су өтті. 

Мұндай су көлемі 2017 жылы болған еді. Көптеген адам сол жылы су тасқыны салдарының қандай болғанын біледі. Бұл ретте бұрын қабылданған шаралардың су тасқынының салдарын азайтуда маңызды рөл атқарғанын атап өткім келеді. Әрине, біз штаттан тыс туындаған жағдайларға алдағы уақытта жол бермеу үшін жұмыс жүргізетін боламыз. Тағы да қайталаймын, біз барлық шығынды қалпына келтіруге көмектесеміз. Бұл жұмыстар басталып кетті, - деді ол.

Ауылдарды су басып қалмас үшін біз облыстық маңызы бар үш жолды қазуға мәжбүр болдық, бүгінде олардың екеуі қалпына келтірілді. Сегіз жол сумен шайылды, олардың төртеуі тәртіпке келтірілді.

Сондықтан, әзірге жол қозғалысында қиындықтар туындауы мүмкін. Барлықтарыңызды шыдамдылық танытуларыңызды сұраймын. Жолдар қысқа мерзімде қалпына келтіріледі. Ақтөбе және БҚО облыстарындағы, Қостанайдағы күрделі жағдайды ескере отырып, біз әріптестерімізге қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы ретте біздің жерлестерімізді, отандастарымызды және кәсіпкерлерді қолдау білдіруге шақырамын. Қазіргі жағдайда бірлігімізді танытып, қолдау көрсету аса маңызды, - деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен
Өзгелердің жаңалығы