Қарағанды облысында қатты желден автобус аударылып қалды
Қарағанды облысында жолаушылар автобусы қатты желден аударылып қалды. Қарт жолаушы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
21 шілде күні сағат 17:30-да халықаралық маңызы бар Алматы-Екатеринбург тас жолының Қарағанды облысындағы учаскесінде жолаушылар тасымалдайтын автобус аударылып қалды. Оқиға Осакаровка ауылынан 10 шақырым жерде болды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Оқиға орнынан түсірілген видео dorogi_karagandy парақшасында жарияланған. Кадрларда жол апатынан кейін аударылған автобусты көруге болады.
Yutong автобусының ("Алматы-Астана" бағыты, салонда 20 адам болған) 33 жастағы жүргізушісі соққан қатты желдің салдарынан рульді басқара алмай, аударылып кетуге жол берген, - деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға салдарынан автобустың 65 жастағы жолаушысы зардап шекті. Ол оқиға орнынан ауруханаға жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасы фактісі тіркеліп, қажет сараптамалар тағайындалды. Зерттеу нәтижесінен кейін процессуалдық шешім қабылданады.