Бүгiн 2026, 09:44
Фото: ҚР ТЖМ
Қарағанды облысында өртеніп жатқан үйден газ баллондары шығарылды
Бұл ықтимал жарылыстың алдын алуға көмектесті.
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өрт тез тарап, үйдің шатырына, терезе-есіктеріне, сондай-ақ ішіндегі жиһаз бен ескі заттарға зиян келтірген.
Оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері жедел жетті. Олар келген кезде тек үй ғана емес, оған жапсарлас салынған шаруашылық нысаны да жанып жатқанын анықтаған. Өрттің көрші үйлерге таралу қаупі болған.
Өрт сөндірушілер бірден іске кірісті. Шаруашылық қорадан әрқайсысының көлемі 27 литр болатын екі газ баллонын сыртқа алып шықты. Бұл ықтимал жарылыстың алдын алып, оттың әрі қарай таралуына жол бермеді.
Сондай-ақ құтқарушылар қорадан 22 бас ірі қараны эвакуациялады.
Жалпы ауданы шамамен 70 шаршы метрді қамтыған өрт толықтай сөндірілді.
Зардап шеккендер жоқ.