Қарағанды облысында көкжөтел өршіп тұр

Аймақта жыл басынан бері көкжөтелдің 48 жағдайы тіркелген. Қазір ауруханада 6 бала жатыр, оның біреуі жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр. Көкжөтелдің өршуі екпе алудан бас тарту салдарынан болып отыр, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Көкжөтел жұқпалы ауру, әсіресе ерте жастағы балалар үшін қауіпті. Көкжөтелдің асқынуы пневманияға, мидың зақымдануына, тыныс алудың тоқтауына әкеледі. Инфекция жөтелгенде немесе түшкіргенде ауамен жұғады. Науқас алғашқы белгілер пайда болғаннан кейін 30 күн ішінде басқаларға жұқтырады. Ересектерде ауру балалардағыдай айқын жүрмеуі мүмкін, сондықтан ересектерден балаларға инфекция жұғу қаупі жоғары.

2 жасқа дейінгі балаларда ұстама тәрізді жөтел қарқынды болғандығы соншалықты баланың қабырғаларының сынуына әкелуі мүмкін. Жөтел ұстамалары тыныс алудың толық тоқтау кезеңімен аяқталуына да әкеліп, сәбилерге реанимация жағдайында емдеу қажет болады. Соңғы бірнеше жылда облыста көкжөтел ауруы тіркелмеді. Ал биыл жыл басынан бері 48 жағдай тіркелді, оның 90 пайызы екпе алмағандар. Қазір 6 науқас бала ауруханада жатыр, біреуі реанимацияда, жағдайы ауыр, - дейді Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Басқарма басшысының айтуынша, көкжөтелмен сырқаттанудың өршуі жоспарлы вакцинациялауды өткізіп алу немесе екпе алудан бас тарту себебінен ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне байланысты.

Жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында ата-аналарға балаларында екпелердің болуын қадағалауларын сұраймыз. Екпе болмаған жағдайда тіркелген мекенжай бойынша медициналық ұйымнан екпе алу қажет. Балаларға көкжөтелге қарсы вакцина 2, 3, 4 және 18 айында салынады және 6 жасында ревакцинация жасалады, - деді Б.Төлегенова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы