15 Қазан 2026, 20:47 Фото: ДСМ

Қарағанды облысында екі аптада 12 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырды

Қазан айының басынан бері өңірде маусымдық респираторлық инфекциялардың таралуына бақылау жүргізіліп келеді. Ауырғандардың басым бөлігі балалар. Осыған байланысты медицина мамандары тұрғындарды профилактикалық шараларды сақтауға және уақытылы вакцина алуға шақырады.

2026 жылғы 1-15 қазан аралығында Қарағанды облысында жіті респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 12 404 жағдайы тіркелді. Ауырғандардың жалпы санының 58%-ы 14 жасқа дейінгі балалар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, биылғы эпидемиялық маусымда тұмау вирусының үш штамы — A (H1N1), A (H3N2) және B айналымда болады деп күтілуде. Олардың барлығы тұмауға қарсы вакцинаның құрамына енгізілген.

Вакцинация тұмау мен оның асқынуларының алдын алудың негізгі тәсілдерінің бірі болып қала береді. Әсіресе аурудың ауыр түріне осал және қауіп тобына жататын адамдарға уақытылы екпе салдыру өте маңызды, - деді департамент басшысы Юрий Залыгин.

Қарағанды облысында тұмауға қарсы вакцинация науқаны жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 25 мыңнан астам адам екпе алған. Биыл жергілікті бюджет есебінен ресейлік «Гриппол» вакцинасының 173 мың дозасы сатып алынған.

Диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектер, балалар үйлері мен сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің тұрғындары, медицина қызметкерлері, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялауға жататын басқа да азаматтар екпені тегін алады. Олардың қатарында жүкті әйелдер, педагогтер, әскери қызметшілер, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар адамдар, сондай-ақ 65 жастан асқан азаматтар бар.

Вакцинация тұмаудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін азайтуға, сондай-ақ еңбек ұжымдарында инфекцияның таралуын төмендетуге көмектеседі.

Тағы оқи отырыңыз:

Алматыда тұмауға қарсы вакцинация басталды: Кімдер екпені тегін ала алады?

ЖРВИ мен тұмау көбейді: Үйдегі дәрі қобдишасында қандай дәрі болғаны дұрыс?

Тұмау мен ЖРВИ: Сыныптағы оқушылардың қанша пайызы ауырса қашықтан оқытуға көшіріледі?