Қарағанды облысында дрифт жасаған үш жүргізуші жазаланды
Ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдарда бақылау күшейтіліп, жазғы дөңгелекпен жүрген көліктерге шектеу қойылды.
Ауа райының күрт нашарлауына, жаңбыр аралас қар жауып, жолдарда көктайғақтың пайда болуына байланысты Қарағанды облысында жол қауіпсіздігін бақылау күшейтілді. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Республикалық маңызы бар автожолдарда тәулік бойы автопатрульдер кезекшілік етеді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге полиция қызметкерлері жұмылдырылған.
Әсіресе көлігін жазғы дөңгелекпен жүргізіп жүрген азаматтарға баса назар аударылып отыр.
Мәселен, Қарағанды – Алматы бағытында полицейлер маусымдық талаптарға сай келмейтін 30-дан астам көлікті тоқтатқан. Олардың жүргізушілеріне жолды әрі қарай жалғастыруға рұқсат берілмей, қалаға кері қайтарылды.
Қарағанды облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмахановтың айтуынша, жолдардағы ауа райы жағдайы әлі де күрделі.
Кейбір учаскелерде жол құрғақ болса, басқа жерлерде жауын-шашын салдарынан көктайғақ пайда болған. Мұндай жағдайда күнделікті үйреншікті сапардың өзі жол апатына ұласуы мүмкін. Сондықтан жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әсіресе жазғы дөңгелекпен жүруді жалғастырып жүргендерге ескерту жасаймыз. Бұл тек көлік жүргізушілерінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да үлкен қауіп төндіреді, – деді ол.
Соған қарамастан, кейбір жүргізушілер жолдағы жағдайдың қауіпті екенін ескермейді. Абай ауданына қарасты Топар кентінде полицейлер жол үстінде дрифт жасаған үш көлікті анықтаған.
Қауіпті маневрлері мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 18 бен 21 жас аралығындағы жігіттер жауапқа тартылды. Оларға ұсақ бұзақылық және маневр жасау ережелерін бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен айыппұл салынды, – деді Медет Нұрмаханов.
Полиция қызметкерлері жүргізушілермен қатар, автожолдардың жағдайына жауапты ұйымдармен де жұмыс жүргізіп жатыр. Олар республикалық маңызы бар жолдарға 23 тексеру жүргізген. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 16 нұсқама беріліп, жолдарды тиісінше күтіп ұстамағаны үшін бес ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция жүргізушілерді алғашқы көктайғақтың қауіптілігін ескеруге, жылдамдықты қауіпсіз деңгейде ұстауға, арақашықтықты сақтауға және жазғы дөңгелектерді қысқыға уақытылы ауыстыруға шақырды.
Ауа райы қолайсыз кезде жолда тәуекелге баруға болмайды. Бір ғана ойланбай жасалған маневр адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.