Қарағанды облысында биыл мыңға жуық кезекте тұрғандар пәтер алады
Қарағанды облысының тұрғын үй кезегінде тұрған мыңға жуық тұрғыны биыл пәтер алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олардың ішінде 200 көпбалалы ана бар. Сондай-ақ мемлекет есебінен жеке құрылысқа жаңа жер телімдері дайындалып жатыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайрат Қамзин тұрғын үй құрылысының қарқыны туралы айтып берді.
Облыста "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы бірнеше бағытта жүріп жатыр. Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарына тиесілі жалға берілетін және несиелік тұрғын үй.
Сатып алу құқығынсыз пәтерлер Қарағанды, Приозерск, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларында, сондай-ақ Абай, Ақтоғай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында салынады. Жаңа тұрғын үй салудан басқа, облыста бос тұрған үйлерді қалпына келтіру тәжірибесі қолданылады. Қазір Доскей ауылында, Шашубай кентінде және Ақтоғай ауданында үйлер қалпына келтірілуде, - деп хабарлады Қайрат Қамзин.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін төрт несиелік үй – үшеуі Қарағандыда және біреуі Теміртауда пайдалануға беріледі. Мұндай тұрғын үйлер Балқаш пен Шахтинск қалаларында да салынуда.
Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жеті айда облыста 254,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді – 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға артық.
Басқарма басшысының мәліметінше, 1 200 жер учаскесі инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Жұмыстар Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран, Шахтинск қалаларында және Бұқар Жырау ауданында жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрғындар өз үйлерінің құрылысына кірісе алады.