Қарағанды облысында бір тәулікте 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауа райы болжамына сәйкес, еліміздің Орталық өңірінде алдағы екі күнде боран соғып, қалың қар жауады. Бұл жолдың көрінуіне кедергі келтіріп, қозғалысты қиындатады. Қарағанды облысында ауа райының қолайсыздығынан бірнеше ЖКО орын алды, құтқарушылар қар құрсауында қалған адамдар мен көліктерді эвакуациялады.
Жалпы, өткен тәулікте Қарағанды қаласы бойынша 17 ЖКО тіркелді, салдарынан 11 адам зардап шекті. "Қызылорда-Павлодар" тас жолының 659 шақырымында (Жаңаарқа кентінен 45-50 шақырым) "Toyota Land Cruiser 200" автокөлігінің 39 жастағы жүргізушісі артқы доңғалақтың герметизациясының нәтижесінде рульді басқара алмай, кюветке аударылып кеткен. Нәтижесінде 26 жастағы жолаушы оқиға орнында қаза тапты, ал 1987 жылғы екінші жолаушы әйел ауруханада көз жұмды. Сондай-ақ, тағы екі жолаушы ауыр жарақатпен Атасу кентінің аудандық ауруханасына жеткізілді, – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қуаныш Зарубаев.
Қарағанды облысы ПД жергілікті полиция қызметі жол жүру – ерекше назар мен жауапкершілікті талап ететінін тағы да еске салады. Бұл әсіресе жолда жалғыз қалу қаупі бар қала маңындағы жолдарға қатысты. Тәртіп сақшылары ауа-райын бақылауды, мүмкіндігінше алыс сапарларды кейінге қалдыруды немесе көлік жағдайын тексеріп барып қана жолға шығуды ұсынады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қозғалыс шектелген жағдайда жүргізушілер қауіпсіздік шараларын сақтауға және полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынуы тиіс.
Алайда, полицейлер мен құтқарушылардың ескертулеріне қарамастан, бүгін сағат 14.30-да Қарқаралы қаласынан 7 шақырым жерде орналасқан "Қарағанды – Аягөз – Бұғаз" автожолының 207 шақырымында, Қарағанды облысының ТЖД құтқарушылары қар құрсауында қалып қойған "Тоyоtа Carinа" автокөлігінен төрт адамды құтқарып, Қарқаралы қаласына жеткізді. Жолаушылар медициналық көмекке мұқтаж емес.
Қарағанды облысының ТЖД азаматтарды елді мекендерден тыс жерлерге шықпауға шақырады. Жолдардың жабылуы туралы қосымша ақпаратты "Darmen" мобильді қосымшасын жүктеу арқылы біле аласыз.