Қарағанды облысында 900 келіден астам есірткі тәркіленді
Қарағанды облысында полицейлер «Қарасора» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 900 келіден астам есірткі заты мен 1,5 тонна прекурсорды заңсыз айналымнан алып тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
1 маусым мен 31 қазан аралығында жүргізілген операция кезінде 100 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталып, оның ішінде 55 қылмыс пен 45 теріс қылық тіркелді.
72 адам жауапкершілікке тартылды, олардың арасында 5 әйел мен 3 кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Полицияның үйлесімді жұмысының нәтижесінде екі жасырын есірткі зертханасы жойылып, ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.
Негізгі деректер:
- 25 дерек – есірткі сату фактісі;
- 16 дерек – есірткіні насихаттау және жарнамалау;
- 5 дерек – есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру;
- 1 дерек – притон ұйымдастыру.
«Кибербақылау» жүйесі арқылы 881 интернет-ресурс (веб-сайт, аккаунт, платформа) бұғатталды, ал «Anti-Fraud» жүйесімен 68 млн теңгеден астам сомадағы 1019 банк картасы тоқтатылды. Сонымен қатар 4102 криптовалюталық әмиян анықталды.
Профилактикалық мақсатта 1350 іс-шара өткізіліп, оларға 152 мыңнан астам азамат қатысты. Қоғамдық ұйымдар мен белсенділердің көмегімен 11 мыңнан астам есірткі жарнамасы бар граффити жойылды.