Қарағанды облысында 32 тонна катодты мыс ұрлаған қылмыстық топ ұсталды
Қарағанды облысында 32 тонна катодты мыс ұрлаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көліктегі полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері, көлік прокуратурасының үйлестіруімен, ірі көлемдегі катодты мыс ұрлығының жолын кесті.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 32 және 61 жас аралығындағы бес адамнан тұратын топ мүшелері ұсталды. Олардың барлығы Балқаш қаласының тұрғындары. Құқыққа қайшы әрекеттердің ұйымдастырушысы теміржол ұйымдарының жұмысшысы болып шықты.
Тергеу барысында жоғарыда аталған тұлғалардың Қарағанды облысының Тоқырау станциясында «Өскемен – Құрық-Порт» бағытымен келе жатқан темір жол вагонынан жалпы салмағы 32 тоннадан астам «катодты мыс» ұрлағандары анықталды. Келтірілген материалдық шығынның көлемі 135 миллион теңгеден асады. Қылмыстық топтың барлық мүшелерінің кінәсі толық дәлелденді. Сот үкімімен олардың әрқайсысы 3 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлады Көліктегі ПД баспасөз қызметі.