Қарағанды облысында 20 мектеп жаңғыртылмақ
Қарағанды облысында келесі жылы 20 мектеп жаңғыртылуы тиіс. Кешенді жабдықтармен 72 физика, химия, биология, робототехника кабинеттері және STEM-орталықтар қамтылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл ескірген кабинеттердің үлесін 50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте облыстың бас педагогы Гүлсім Қожахметова айтып берді.
Ескірген кабинеттердің үлесі биыл 62%-дан 56%-ға дейін төмендеді. Ондай көрсеткішке 51 пәндік кабинет сатып алу арқылы қол жеткізілді. 2023 жылы тағы 72 кабинет сатып алу жоспарлануда, бұл ескірген кабинеттердің үлесін 50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
"Кітап оқитын мектеп" жобасы аясында мектеп кітапханаларын жаңғырту көзделген, оған материалдық-техникалық базаны нығайту, компьютерлік паркті жүйелі жаңарту, цифрлық технологияларды дамыту кіреді. Атап айтқанда, IT -, Coworking -, STEM-орталықтарын құру, кітапхана қорын басқару жүйесін орнату қарастыоылып отыр.
Сондай-ақ келесі жылы 10 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жүргізіледі.
Саран қаласында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарлануда.
Балаларды шалғайдағы елді мекендерден тасымалдау үшін қосымша сегіз автобус сатып алынады.
Облыста 2025 жылға дейін барлығы 22 мемлекеттік мектеп салу жоспарлануда.