Қарағанды облысында 15 медициналық нысан салынады
Бұқар жырау ауданында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 15 медициналық нысан салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ Қарғанды облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Бұқар жырау ауданында жеті ФАП, төрт дәрігерлік амбулатория және төрт медициналық пункт ашылады. Құрылыс жұмыстары басталды. Биыл Самарқанд ауылында дәрігерлік амбулатория мен Тасауыл ауылында медициналық пункт іске қосылады.
2025 жылы Ақбел, Байқадам, Белағаш, Құрылыс, Сарыарқа, Сарытөбе, Тұзды ауылдарында жаңа ФАПтар пайда болады. Гагаринское, Тоғызқұдық және Центральное ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар пайда болады. Ақөре, Красная Нива, Ынтымық ауылдарында медициналық пункттер жұмыс істей бастайды.
Медициналық мекемелерде физиотерапия кабинеті мен дәріхана болады және медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Олар шалғай ауылдардың тұрғындары үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың ақпан айында Новоузенка ауылында дәрігерлік амбулатория мен Ақтөбе, Қарақұдық ауылдарындағы фельдшерлік пункттер пайдалануға берілген болатын.