Қарағанды облысы мен Қарқаралы ауданындағы өрт 1300 гектар жерді шарпыған
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздің екі облысында қанша гектар жер өртенгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәселе ушықпайды. Өздеріңізге мәлім, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы аймағынан қазанның 6-сы күні таңғы 4-тен кете өрт басталды. Бұл шарпыған өрт түске қарай Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркінің шекарасына дейін барды. Салдарынан 1300 гектар жер өртенді, бірақ ол жайдақ жер. Бар-жоғы өрт 13 гектар ағаштарды шарпыды. Нақтырақ айтсақ, ағаштың төмен жағындағы жапырақтары өртенді, ал ағаштарды өрт шарпымаған, - деді Нысанбаев.
Министр өрт басталған күні желдің бағыты солтүстік-шығысқа қарай болғанын, ал қазір оңтүстікке бет бұрып, қиындық тудырып жатқанын айтты.
Аймақта біршама күштер жұмылдырылған. Қазіргі таңда дала өртеніп жатқанын түсінуіміз керек. Биыл жауын-шашын көп болып, шөп көп өсті. Олардың тез өртенетіні айдан анық. Өрт қаупін кешке дейін ауыздықтайды деп ойлаймын, - деді ведомство басшысы.
Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов еліміздің екі өңірінде болып жатқан алапат өрт туралы айтқан болатын.
Еске салсақ, кеше екі өңірде өрт шыққан болатын. Кеше ТЖМ таратқан деректерге сәйкес Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы 45 мың га жеткен еді. Өртті сөндіруге Қорғаныс министрлігінің ұшқыштары жұмылдырылып жатыр.