Қарағанды облысы көктемге дайын ба?
Қарағанды облысының көктемгі су тасқынына дайындығы қандай, елдімекендерді су басу қаупі барма, Қарағанды көшелерін алып кететін қызыл сумен билік өкілдері қалай күреспек? Осы сұрақтарға жауап іздеген едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Алдағы аптада Қарағанды облысында ауа температурасы біршама көтеріледі деп күтілуде. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, аймақта күн жылынып, көктемнің лебі сезіле бастамақ. Көктем келе сай-сала мен қырат-жотада алты ай мызғымай жатқан қар жаппай еріп, ауыл-аймаққа қауіп төндіріп, жолдарды шайып, қала көшелеріндегі қозғалысқа кедергі жасауы мүмкін. Тасқынның алдын алу үшін билік өкілдері дайындықты бастап кеткендіктерін айтады.
Қарағанды облысында елдімекендерді су тасқынынан қорғау үшін 14 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, күшейтілді. Сондай-ақ, аймақтағы өзен арналарына бақылау жүргізіліп, су өткізген бірнеше канал жөнделді. Жергілікті атқарушы органдар ауыл аймақтарда 22 дабыл жүйесін орнатты, - дейді, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов.
Департамент басшысының айтуынша, аймақта әлі де шешімін таппаған түйінді мәселелер бар.
Облыс бойынша 34 нысан жергілікті дабыл жүйелерімен қамтылуы тиіс болғанымен, қазіргі уақытта мұндай ескерту жүйелері республикалық Самарқанд, Жартас, Ынтымақ және Шерубай-Нұра су қоймаларында ғана орнатылған. Облыс бойынша 210 гидротехникалық нысанға жөндеу жұмыстары қажет. Сондай-ақ, жергілікті дабыл жүйелерінің болмауы су тасқыны жағдайында адамдардың өміріне қауіп тудырады. Бұл мәселе барынша бақылауды қажет етеді, - дейді М.Қатпанов.
Оның айтуынша, ең алдымен Абай ауданындағы Калинина, Қоянды, Қойбас, Топар бөгеттерін, Бұқар Жырау ауданындағы Ботақара, Чкалов су қоймаларын және Байқадам, Тоғызқұдық, Белағаш, Ошағанды бөгеттерін, Ақтоғай ауданындағы Ақжарық, Горный №1 бөгеттерін, Нұра ауданындағы Қарасай, Файз бөгеттерін, Осакаров ауданындағы Тоқсумақ су қоймасы мен Ақпан, Русская Ивановка, Батпақ бөгеттерін, Шет ауданындағы Айғыржал, Мұқтар, Красная поляна, Бұрма, Батық, Таңатбай, Босаға, Ближняя, Манақа, Ақтұмсық, Үнрек су қоймаларын және Саран қаласындағы Саранское су қоймасын дабыл жүйелерімен қамту қажет.
Өткен қыс айларында Қарағанды өңіріне бірнеше рет қалың қар жауды. ТЖҚ хабарлауынша, өңірдегі жүргізіліп жатқан су тасқынына қарсы шараларға қарамастан көктемде аймақты су басу қаупі бар.
Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Дегенменде, көктемде ауа температурасы бірден көтерілетін болса, елдімекендерде тұрғын үйлерді тасқын су басып, жолдарды қызыл су шаю қаупі бар, - деп мәлімдеді департамент басшысы.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысындағы жағдай тұрақты, өзендер әлі де қысқы режимде, су теңгейі төмен. Облыста су тасқыны кезеңіне материалды-техникалық және қаржылық ресурстар дайындалған. Осы көктемде болуы мүмкін апатты жағдайдың алдын алу үшін 3765 тонна жанар-жағармай, 171 тонна азық-түлік, 130 мың дана қапшық, 59 мың тонна инертті материалдар қоры дайын. Жекеменшік кәсіпкерлермен азық-түлік тасымалдау бойынша 117 келісім шарт жасалған.
Қарағандылықтар болса жыл сайын көктемде қар күрт еріген кезде қаланың көптеген көшелерін су алып, адам түгілі көліктер де жүре алмай, қиындық туғызатындығын айтады.
Қарағандының басқа аудандарын айтпағанда, қаланың жаңа орталығы саналатын «Оңтүстік-Шығыс» ықшам ауданының көптеген көшелерінде суағарлар дұрыс жұмыс істемейді. Көктемде Қ.Тәттімбет-С.Мұқанов көшелерінің, Республика даңғылы мен Кеншілер көшелерінің қиылысында су көп жиналады, тіпті көліктер суда жүзіп жүреді. Шенеуіктер жыл сайын қызыл суға қарсы жұмыстар жасалатындығын айтып, уәде бергенімен, бұл мәселе сол күйінде қалып келеді, - дейді қала тұрғыны Әбдіразақ Айымбетов.
Қарағандының өзінде көктем келе қала көшелерінде еріген қар суының деңгейі жоғарылап, жүріп-тұру жаяу жүргіншелерге ғана емес, тіпті автокөліктер үшін де қиындап кететіні жасырын емес. Қала әкімі Мейрам Қожухов болса су тасқынына дайындық басталып кеткендігін айтады. Қала көшелеріндегі арықтар, су өткізетін арналар, құбырлар, суағарлар тазалануда. Оның айтуынша, қала бойынша су жиналатын 19, сондай-ақ, қар суы басып қалуы мүмкін 37 аумақ бар. Көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары алдымен осы аумақтарда жүргізіліп жатыр.
Су тасқынына дайындалып жатырмыз. Қ.Тәттімбет пен С.Мұқанов көшелері аумағында қар белдерін көтереміз, бұл қардың біртіндеп еруіне әкеледі. Біз екі жылда 12 шақырымға тарта нөсер канализациясын тазалап, қалпына келтірдік. Көктем сайын су жайылатын «Нефтебаза» аймағында 4,2 шақырымды құрайтын жаңа суағар салынды. Су тасқыны мәселесі бақылауда. Соңғы күндері қаланың С.Сейфуллин, Абай, Е.Бөкетов, С.Мұқанов, Ғарышкерлер сияқты отызға тарта көшелерінде қар тазалау жұмыстары белсенді жүргізілді. Күні-түні жұмыс істейміз. 10 күн ішінде қаладағы барлық тасқын қаупі бар аумақтарда жұмыстар жасау жоспарда, - дейді Мейрам Қожухов.
Билік өкілдерінің мәліметінше, 1 наурыздан бастап қалалар мен аудандарда су арналары, арықтар, суағарлар, су өткізетін құбырлар мен көпірлерді тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елдімекендер мен қалалардан қар шығару жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін, шамамен 1 миллион 555 мың текше метр қар шығарылған. Аймақта су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлар болдырмау мақсатында 1 наурыздан бастап аумақтық азаматтық қорғаныс қызметінің барлық күші жоғары дайындық режимінде жұмыс істеуде.
Облыстың аталған кезеңге дайындығын бағалау мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су тасқыны болу қаупі бар елдімекендерді аралап, тұрғындарға су тасқыны жағдайында қалай сақтану бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Жалпы ведомство мәліметінше, биыл көктемде облыс тұрғындары мен қарағандылықтар су тасқынынан зардап шекпеуі үшін көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр және бұл жұмыстар ерекше бақылауда.