Қарағанды мен Павлодар арасындағы жер мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылданды
Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескере отырып, ҚР Қарағанды және Павлодар облыстарының шекарасындағы даулы жер учаскесі бойынша түпкілікті шешім қабылданды, Қарағанды және Павлодар облыстары арасындағы даулы жер мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ Жоғары аудиторлық палатасына сілтеме жасап.
Бұған дейін жер ресурстарын басқару тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізіліп, аудит барысында геодезия және картография саласында бірқатар бұзушылық анықталды.
Атап айтқанда, Қарағанды облысының Осакаров ауданы мен Павлодар облысының Баянауыл ауданы арасындағы 17,1 мың га жер учаскесінің тиесілігі туралы даулы мәселе реттелмеген.
Бұл жағдай жер заңнамасын бұзуға, екі аудан әкімдіктері тарапынан жерді қатар беруге, жер-кадастрлық карталарды жүргізудегі дәлсіздіктерге және т.б. әкелді.
Осыған байланысты ҚР Үкіметіне осы учаскенің аумақтық тиесілігі туралы түпкілікті шешім қабылдау ұсынылды.
Архив материалдары мен бірқатар тексеру іс-шараларын зерделеу қорытындысы бойынша даулы жер Павлодар облысының Баянауыл ауданына жататыны анықталды.
Осылайша жер мәселесіне нүкте қойылды.