Қарағанды кафесіндегі газ жарылысы: Екі адам көз жұмды

Қарағандыдағы кафелердің бірінде газ баллонының жарылысы салдарынан зардап шеккен екі адам ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жарылыс 22 қаңтар күні Ермеков көшесінде орналасқан, жеке тұрған фастфуд-кафе-киоскта болған. Ғимарат ішінде көлемі 17 литрлік газ баллоны жарылып, соның салдарынан өрт шыққан. Аймақтық ТЖД төрт адамның зардап шеккенін хабарлаған еді.

Бүгін, 28 қаңтарда зардап шеккендердің екеуі ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды.

Екі науқас та ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілді. Ауруханаға түскен сәттен бастап оларға реанимация бөлімінде бейінді мамандардың қатысуымен барлық қажетті мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді. Алайда жүргізілген емдеу шараларының кешеніне қарамастан, науқастар, өкінішке қарай, көз жұмды, – деп мәлімдеді өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Тағы бір зардап шеккен адам ауруханада жатыр, оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Төртінші зардап шегуші үйіне шығарылған.

Еске салсақ, осыған ұқсас қайғылы жағдай Батыс Қазақстан облысында да болған еді. БҚО-ның Ақсай қаласында жеке тұрғын үй өртеніп, өртті сөндіру кезінде үш адамның мәйіті табылды.

Сондай-ақ бүгін Ақтөбе қаласындағы жанармай құю бекеттерінің бірінің аумағында «ГАЗель» автокөлігі өртенгенін хабарладық. Көліктен шыққан от газ колонкасына тез арада тараған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы