Қарағандыдағы ең көне ғимаратта жөндеу жүріп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бүгін аймақтағы білім беру нысандарын жөндеу жұмыстарымен танысты.

Биылғы жылы облыстың 306 білім беру ұйымы, оның ішінде 35 балабақша, 259 мектеп, 6 колледж жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Бұл мақсатқа 17 млрд теңге бөлінді. Барлық жұмыстар "Жұмыспен қамтудың жол картасы", "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында жүргізіліп, жүздеген жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Тек облыс орталығында ғана күрделі жөндеу жұмыстары 29 нысанда, ағымдағы жұмыстар - 41, абаттандыру шаралары - 95 нысанда жүргізілуде - деп жазды әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Қарағандыдағы ең көне ғимараттардың бірі №2 музыка мектебі.

Ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған мектеп 1948 жылы салынған. Биылғы жылы онда электрмен жабдықтау жүйесі мен жылыту жүйесі ауыстырылады. Сондай-ақ әрлеу жұмыстары жүргізіліп, есіктер мен шатыр ауыстырылады. Жұмыстарды маусым айында аяқтау жоспарлануда. Ал Майқұдықта 1933 жылы салынған №13 мектепті жөндеу жұмыстары жүргізілуде - деді әкім.

Сонымен қатар ол "Литейщик" стадионында жасанды көгалды алаң және тартанды жүгіретін жолдарды, мобильді мінбелер мен қоршауларды, жарықтандыру тіректерін орнату жұмыстары басталғанын атап өтті.

Октябрь ауданында "Жұмыспен қамтудың жол картасы" шеңберінде аулаларды абаттандыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ Майқұдық, Пришахтинск және Сортировкада жоспарланған жұмыстардан тыс 10 футбол алаңын салуды тапсырдым. Балаларымыздың спортпен көп айналысуларына барынша жағдай жасауымыз керек - деді Жеңіс Қасымбек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы