"Қарағанды-Балқаш" тас жолының бойында айналма жолдар саны азайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ құрылысы ұзаққа созылған тас жолдарды аяқтау бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастыруда. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Биылғы жол-құрылыс маусымы аясында республикалық маңызы бар "Қарағанды-Балқаш" күре жолында құрылыс-монтаждау жұмыстары қайта жанданып, күшейтілген режимде жүргізілуде. Маусым айында 20 шақырымнан астам жолдың төменгі қабаты төселді. Айналма жолдардың санын қысқартып, ең проблемалы учаскелерде қозғалысты ашуға жіті назар аударылып отыр.
Бүгінгі таңда елімізде құрылысы ұзаққа созылған бірнеше тас жол бар. Басты мақсат – осы күре жолдардың құрылысын аяқтап, ел игілігіне беру. Мәселен, осы проблемалы жолдардың қатарына “Қарағанды-Балхаш” тас жолы да жатады. Барлық 8 учаскеде құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Егер нақты айтатын болсақ, "Қарағанды-Балқаш" тас жолы бойынша құрылыстың толық аяқталу мерзімі шарт талаптарына сәйкес 2023 жылдың соңына қарастырылған. Осы айда айналма жолдардың саны үшке азайды. Құрылыс қарқынын бәсеңдетпейміз, жолдардың сапасына ерекше назар аударамыз. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жолды абаттандыруға және осы трассаның бойында жол бойындағы сервисті дамытуға кірісеміз, - деп атап өтті "ҚазАвтоЖол" басшысы Мейірхат Қасымбаев.
Жол құрылысына жауапты бас мердігер ұйым - CITIC Construction Co., LTD. Жұмысына салғырт қарап, нәтиже көрсетпегені үшін қазақстандық мердігер ұйым құрылыс консорциумы құрамынан шығарылды.
Ең нашар учаске Қызылқой және Нұраталды ауылдары арасында орналасқан. Облыстық филиал мердігер ұйымдармен бірлесіп, бұл учаскені қолға алды. Бұл жерде екі апта ішінде қозғалысты қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Жол-құрылысы барысында ел тұрғындары көбірек шағымданатын учаскелерге баса назар аударамыз. Жалпы 290 бірлік арнайы техника мен 490 жол жұмысшысы жұмылдырылды, - деді "ҚазАвтоЖол" ҰК " АҚ Қарағанды облыстық филиалы басшысы Сырым Хамзин.
Естеріңізге сала кетейік, жалпы ұзындығы 363 шақырымды құрайтын "Қарағанды-Балқаш" жолын қайта құру жұмыстары 2019 жылы басталды. Қайта жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін трасса 4 жолақты болып, І техникалық санатқа сәйкес келмек.