Қарағанды ауруханасында балаларға берілген астан жәндіктер шықты
Оқиға балалардың жұқпалы аурулар бөлімшесінде болған.
Қарағанды қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында жоспардан тыс тексеріс басталды. Мұнда кішкентай науқастарға тауық еті қосылған палау ұсынылған, алайда тағамның ішінен жәндіктер шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ KTK-ға сілтеме жасап.
Оқиға балалардың жұқпалы аурулар бөлімшесінде болған. Тағам салынған контейнердің ішінен кішкентай науқастар қара түсті қоңыздарды байқап қалған. Олар бұл асты жеуден бас тартқан. Ата-аналар аурухана әкімшілігінен түсініктеме талап етіп, «жәндіктері бар палаудан» өздері дәм татып көруді ұсынған.
Ата-аналардың айтуынша, ауруханада үйден әкелінетін тағамдарға өте қатаң талап қойылады. Ал бұл жағдайдан кейін көпшілігі енді аурухана асханасының тамағын жеуден де қауіптеніп отыр.
Медицина қызметкерлері өз кезегінде ауруханада жеке ас блогы жоқ екенін, тағамды арнайы компания жеткізетінін мәлімдеді. Сол компания жеткізген тағам партиясы толықтай ауыстырылған.
Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Люция Гомельдің айтуынша, аталған жағдай аурухана әкімшілігіне белгілі.
Бұл жағдай аурухана әкімшілігіне белгілі. Ақпарат түскен сәттен бастап жедел түрде қажетті шаралар қабылданды. Атап айтқанда, жеткізуші компанияның өкілі шұғыл шақыртылып, тексеріс жүргізілді, тағамның бүкіл партиясы толық ауыстырылды. Ақпарат қосымша тексеру жүргізу және тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты қызметтерге жолданды, - деді Люция Гомель.