Қарағанды – Астана тасжолында 500 көлік тұрып қалды
Қарағанды облысында қатты боран салдарынан полиция қызметкерлері республикалық және облыстық маңызы бар барлық автожолдарда қозғалысты уақытша шектеді, деп хабардайды BAQ.KZ.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік апаттарының алдын алу мақсатында облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлері күшейтілген қызмет режиміне көшірілді. Сонымен қатар, полицияның патрульдік жасақтарының саны ең көп жүктелген жол учаскелерінде арттырылды.
Қарағанды – Астана тасжолында қозғалыс шектелгендіктен, шамамен 500 көліктен тұратын кептеліс пайда болды. Осындай жағдай Қарағанды – Балқаш тасжолында да орын алды, онда 50-ден астам көлік жиналып қалды, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция көліктер легін қауіпсіз алып жүруді ұйымдастырды.
Атап айтқанда, Теміртау терминалынан Ақмола облысының шекарасына дейін шамамен 500 көлік патрульдік полицияның бақылауымен жеткізілді. Жолға шығар алдында патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов жүргізушілерге нұсқаулық өткізіп, жол қозғалысы ережелерін және жылдамдық режимін қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертті, – деп толықтырды департамент.