Қарағанды – Астана тас жолында болған жол апатынан екі адам қаза тапты

Қарағанды облысында орын алған ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қайтыс болып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, апат сағат 14:00 шамасында Қарағанды – Астана автожолында орын алған. 27 жастағы Kia Rio көлігінің жүргізушісі елорда бағытына бет алып бара жатып, жылдамдық режимін және арақашықтықты сақтамаған. Соның салдарынан ол алдында келе жатқан Shanceman жүк көлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан Kia Rio көлігінің жүргізушісі мен бір жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі жолаушы түрлі жарақаттармен жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізілді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қарағанды облыстық полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдық пен арақашықтықты шектеуге, жолда мейлінше мұқият және сақ болуға шақырады.

Жол қозғалысы ережелерінің қарапайым талаптарын елемеу адам өліміне алып келетін қайғылы жағдайларға себеп болып отыр. Әрбір жүргізуші жолдағы қауіпсіздікке жауапты екенін естен шығармауы керек, – деді Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Сұңғат Абылқас.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы