Қарағанды әкімдігі цифрлық жүйемен жұмыс істейтін болады
Қарағанды облысында "еАкимат" цифрлық жүйесі енгізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысында стратегиялық және бюджеттік жоспарлау электронды болады. "еАкимат" ақпараттық жүйесі бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір оны енгізу жүріп жатыр.
Бұл туралы облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев облыстық мәслихат сессиясында депутаттар алдында есеп беру барысында мәлім етті.
Қазір облыста стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, сондай-ақ бюджетті атқару процестерін цифрландыратын "еАкимат365" ақпараттық жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жүйе нормативтер мен өңірлік стандарттарды ескере отырып, АЕМ мониторингінің осы нысандары негізінде ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қажеттілігін автоматты түрде айқындайды, – деді облыс әкімі.
Депутаттарға аталмыш жүйе таныстырылып, оның нақты елді мекен мысалында қалай жұмыс істейтіні көрсетілді. Оны енгізу бюджеттік процестерді ашық ететіні атап өтілді.
Ермағанбет Бөлекпаев өзіне жүктелген міндеттер мен олардың орындалуы туралы есеп берді. Экономикадағы және әлеуметтік саладағы өңірдің даму көрсеткіштері туралы айтып берді.
8 айда инвестициялар 451 млрд теңгені құрады,оның ішінде жеке меншік үлесі – 90%. Жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 56 жобаның пулы құрылды. Бұл 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл 11 инвестициялық жоба іске қосылып, 2300 жұмыс орны ашылады.
Мемлекеттік қолдау іскерлік белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Кәсіпкерлікті дамытудың "Кәсіпкер" өңірлік бағдарламасы жұмыс істейді. Осы айда 3% жеңілдік мөлшерлемесімен шағын және орта бизнесті несиелендірудің жаңа бағдарламасы басталды.
Бизнеске салық жүктемесін төмендету мақсатында біз республикада бірінші болып бөлшек салық мөлшерлемесін екі есеге – 4-тен 2%-ға дейін төмендеттік. Бұл шараны облыстың 800-ге жуық кәсіпкері пайдаланды, бұл өзгерістер енгізілген сәттен бастап салық төлеушілер санын 4 есеге арттырды. Бұрын "көлеңкеде" жұмыс істеген кәсіпкерлер өз бизнестерін заңдастыра бастады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Әлеуметтік салада балабақшалар мен мектептерде орын тапшылығы мәселелері шешілуде. Қарағанды, Приозерск және Балқаш қалаларында жаңа мемлекеттік балабақшалар пайда болады. Қарқаралы ауданының Талды ауылында, Бұқар жырау ауданының Новостройка елді мекенінде мектептер құрылысы жалғасуда. Оқушы орындарының тапшылығын жою үшін Қарағанды қаласының Күнгей шағын ауданында 600 орындық мектеп салынуда. Сонымен қатар, 29 ауылдық мектепті жаңғырту жұмыстары аяқталуда.
Пришахтинскіде Оқушылар сарайының құрылысы басталды.
Ауылдарда 92 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынады. Балқаш пен Теміртауда орталық ауданаралық ауруханалар ашылады.
Облыс әкімінің есебі әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағыттарын қамтыды. Депутаттар өз сұрақтарына жауап алып, оң баға берді.
Дәстүр бойынша есеп ашық диалог форматында өтеді. Бүгінгі таңда көптеген позициялар бойынша нәтижелерге қол жеткізілді, оң динамика байқалады. Бірқатар мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деп атап өтті облыстық мәслихат төрағасы Нүркен Қобжанов.