Cарыарқа төріндегі кеншілер шаһарына – 85 жыл
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 10 ақпан күні еліміздің индустриалды орталығы, «қара алтынның» отаны Қарағандының қала мәртебесін алғанына 85 жыл толды. Өткен ғасырдың басында көмір өндіруші жұмыскерлер тұрақтаған киіз үйлер мен палаткалардан тұрған шағын ауыл бүгінде 543,3 шаршы шақырым аумақта орналасқан, өнеркәсібі, экономикасы, инфрақұрылымы, ғылымы, мәдениеті, өнері, спорты дамыған алып шаһарға айналды. Кенді өлкенің жүрегіне айналған қаланың өткені мен бүгініне көз жүгірткен едік.
Eліміздің орталығында, Сарыарқа төрінде орналасқан шаһарда бүгінде 500 мыңға тарта халық қоныстанған. Қала халық саны бойынша Алматы, Шымкент және Астанадан кейін төртінші орында. Қарағанды десе көпшіліктің ойына көмір өндіретін шахталар мен кеніштер түсетіні рас. Дегенмен, қаланың тыныс тіршілігі тек шахталармен ғана емес, басқа да өнеркәсіп орындарымен тығыз байланысты. Бүгінде қалада машина жасау, энергетика, құрылыс материалдары зауыттары, жеңіл және тамақ өнеркәсібі сияқты кәсіпорындар қарқынды жұмыс істеуде.
Қарағандының туған күніне орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Кеншілер қаласы – Қарағанды» атты көрме өтіп жатыр. Көрмеге Қарағандының қалыптасу, даму кезеңдерін көрсететін мұрағат құжаттары мен материалдар, сондай-ақ, кеншілердің құрал-саймандары, көмір өндірісінде қолданған құрал-жабдықтары қойылған. Мұражайға арнайы бас сұғып, құрылғанына 85 жыл болған кенді қаланың тарихынан сыр шерткен жәдігерлерді көріп, тарихына тағы да бір мәрте үңілген едік.
«Жанатын тас». Аппақ Байжанов тапқан қара алтын
Қарағанды қаласының пайда болуы аймақта көмір кенінің табылуымен, қара отынды өндірумен тікелей байланысты. Сарыарқаның сары жазығының бел ортасынан «қара алтынның» табылуын тарихшылар бақташы бала Аппақпен байланыстырады. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері Гүлмира Қонақбаеваның айтуынша, ресми деректер осыдан 186 жыл бұрын қазіргі Қарағандыдан 40 шақырым қашықтықтан Аппақ Байжанов кесек тастарды тапқанын растайды.
«1833 жылы қой бағып жүрген Аппақ Байжанов суыр інінің жанынан қара тастарды тауып алады. Алғашында қара тастармен жүнді бояп көреді, көмір жүнді кірлеткені болса бояу болып жұқпайды. Тастардың сырын білмек болып ауыл ақсақалдарына да жүгінеді. Алайда қара тастардың не екендігін біле алмайды. Бір күні Аппақтың қолындағы қара тас абайсызда жанып жатқан отқа түсіп кетеді, қара тас лаулап жана бастайды. Осылайша Аппақ тапқан «жанатын тастың» көмір екендігі белгілі болады.», - дейді Гүлмира Қонақбаева.
Біршама уақыттан кейін осы кенді аймақты өңірдің ауқатты қазағы Игілік Өтепов орыстың кәсіпкері Никон Ушаковқа 250 сомға сатады. Осылайша Қарағанды өңіріндегі жаңа дәуір, кенді өлкенің жаңа кезеңі басталады. Ресми деректер бұл аймақта 1856 жылдан бастап көмір өндіріле бастағандығын айтады.
«Біздің мұражайды сол уақыттағы алғашқы кеншілердің жер асты шамдары, қайлалары және тағы басқа да заттары қойылған. Сол кездегі көмір өндірісі ең қиын, қара күшті қажет ететін жұмыстардың бірі саналғандығын осы жәдігерлерден біле аламыз», - дейді мұражай қызметкері.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазіргі Қарағандының солтүстік-батысына қарай кен өндіруші жұмысшылар палатка мен киіз үй құрып, қоныстана бастады. Ал небәрі 4-5 жылдан кейін жұмысшы ауылының орнында 100 мыңға тарта халық тұратын қала орын тепті. 1934 жылдың 10 ақпанында Қарағандыға қала статусы беріледі.
1936 жылы қаланың құрылысы қарқынды жүріп, балабақшалар, ауруханалар, кітапханалар, клубтар, театрлар, мұғалімдер институты ашалып, мәдениет және демалыс паркі салына бастады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарағанды шахталарының құрылысы жалғасын тапты. Сол жылдары көмір бассейндерінде ерлермен қатар әйелдер де еңбек етті.
Қаланың орталығы 3 рет көшірілген
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған ғимараттардың көпшілігінің қазіргі уақытта үйінділері ғана қалды. Себебі ескі қаланың жер астынан көмір кендері табылып, көмір өндіруге байланысты жер шөгіп, қаланы басқа орынға көшіру қажеттілігі туындайды.
«40-жылдары қаланы оңтүстік-батысқа қарай көшіру шешім қабылданып, көп ұзамай жаңа орталық салына бастады. Жаңа қалада мектептер, ауруханалар, наубайханалар, кітапханалар, кинотеатр, мұражай, әуежай, хайуанаттар паркі салынып, сүт зауыты, сыра зауыты іске қосылды. Қалалық мәдениет және демалыс паркінің іргетасы қаланды, «Ботаникалық бақ» ашылды», - дейді Г.Қонақбаева.
Алайда қаланың бұл жерінде де көмір бар екендігі анықталды. Осыған байланысты қаланың бас жоспарына сәйкес қаланың орталығы тағы да бір рет, бұл жолы оңтүстік-шығысқа қарай жылжыту жайлы шешім қабылданды. Қазіргі таңда Оңтүстік-шығыста қаланың сәулетті орталығының құрылысы қарқынды жүруде.
Тәуелсіздік жылдарындағы Қарағанды
Ел егемендігінің алғашқы жылдарында Қарағанды да еліміздің өзге өңірлері секілді дағдарысты бастан кешті. Өндіріс көлемі азайып, жұмыссыздық белең алды. Дегенменде кенді өлкенің халқы тоқсаныншы жылдардың соңына қарай қала экономикасының біршама тұрақталғанын, халықтың өмір сүру деңгейінің арттып келе жатқандығын сезінді. Қарағандыда көмір өндірісімен қатар қара металлургия, машина жасау, құрылыс материалдар зауыты, жеңіл өнеркәсіп салалары дами бастады. Қала іргесінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы құрылып, инвесторлардың қатысуымен арматура шығаратын, изоляцияланған құбырлар жасайтын, ескі көліктерді кәдеге жарататын кәсіпорындар іске қосылды.
«Қарағанды тарихының соңғы жиырма жылын қарыштап даму уақыты десек қателеспеспіз. Қаламыз жыл өткен сайын құлыпырып, көркейіп келеді. Әсіресе, Оңтүстік-шығыста бой көтерген әсем ғимараттар, зәулім үйлер көздің жауын алады. Оның ішінде «Қарағанды-Арена» мұз сарайы, С.Сәпиев атындағы бокс кешені, теннис орталығы, «Достық үйі», Назарбаев зияткерлік мектебі, Г.Головкин атындағы спорт кешені және тағы да басқа нысандарды айтуға болады», - дейді Гүлмира Қонақбаева.
Қарағанды аймағы Елбасы Н.Назарбаевтың жастық шағы өтіп, еңбек жолын бастаған өңір ретінде танымал. Ұлт Көшбасшысы Қарағандыға үнемі көңіл бөліп, назарында ұстап келеді. 2018 жылдың қыркүйегіндегі аймаққа сапары кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы кенді шаһардың жаңа орталығының жоспарымен танысып, болашақта бой көтеретін ғимараттарды тамашалады. Елбасы өз сөзінде аймақ басшысына Қарағандының миллион тұрғыны бар қалаға айналуына барлық мүмкіндік бар екендігін айтып, осы бағытта шаралар атқаруды тапсырған болатын. Қарағандылықтар болса туған мекенінің болашағынан үлкен үмітті.
Фото: автор
Жібек Мұқашева