26 Қараша 2026, 19:47 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қара теңіздегі дауыл Қазақстанның мұнай өндірісіне кері әсерін тигізді: Теңізде өндіріс көлемі 41%-ға төмендеді

Қазақстан қараша айының басынан бергі орташа көрсеткішпен салыстырғанда мұнай мен газ конденсатын тәуліктік өндіруді 17%-ға қысқартты. Әсіресе елдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі – Теңізде өндірістің айтарлықтай төмендегені байқалды.

Reuters дереккөздерінің мәліметінше, бұған дауылды ауа райына байланысты Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстарындағы іркілістер себеп болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

24 қарашада Қазақстан 1,74 млн баррель мұнай мен газ конденсатын, яғни 231 мың тонна өндірді. Салыстырмалы түрде алғанда, қарашаның алғашқы 24 күнінде бұл көрсеткіш тәулігіне орта есеппен 2,1 млн баррельді немесе 279 мың тоннаны құраған.

Теңізде тәуліктік өндіру көлемі көрсетілген кезеңдегі орташа 879,5 мың баррельден 522 мың баррельге дейін азайды.

Қара теңіздегі дауыл Қазақстандағы мұнай өндіруге неге әсер етеді?

Қазақстанның мұнай экспортының 80%-дан астамы КҚК құбыры арқылы өтеді. Ол арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан шикізат Новороссийск маңындағы теңіз терминалына жеткізіліп, сол жерден танкерлермен тасымалданады.

Мұнай тиеу баяулаған кезде мұнай өндіруші компаниялар өндірісті қысқартуға мәжбүр болады. Өйткені мұндай көлемдегі шикізатты басқа бағыттарға қайта бағыттау мүмкіндігі шектеулі.

Қазақстан мұндай мәселемен бірінші рет бетпе-бет келіп отырған жоқ. Қолайсыз ауа райы, жөндеу жұмыстары және ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдары салдарынан КҚК жұмысындағы үзілістер бұған дейін де мұнай өндіруді шектеуге әкелген.

Тамыз айында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдардың салдарынан мұнай өндірудің жылдық жоспары 98 млн тоннадан 96 млн тоннаға төмендетілгенін хабарлаған еді.

Reuters жарияланымы шыққан сәтте «Теңізшевройл» мен КҚК өндірістік қызметтің егжей-тегжейіне қатысты түсініктеме беруден бас тартты, ал Қазақстанның Энергетика министрлігі агенттіктің сауалына жедел жауап бермеді.