Қара теңізде КҚК терминалы маңында танкерлерге дрондар шабуыл жасады
Қара теңізде Ресей жағалауына жақын орналасқан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы маңында төрт мұнай танкеріне белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасаған, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, шабуылға ұшыраған танкерлер грек компанияларына тиесілі және КҚК терминалына қарай бет алған. Әзірге дрон шабуылын кім ұйымдастырғаны белгісіз. Украина тарапы бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, 29 қарашада украиналық дрон КҚК-ның Новороссийск портына жақын орналасқан негізгі үш айлағының біріне зақым келтірген. Соның салдарынан Қазақстан мұнайының экспорты мен өндіріс көлемі қысқарған.
Дереккөздердің мәліметінше, 1-12 қаңтар аралығында Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі желтоқсан айындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда 35 пайызға төмендеген. Бұған Қара теңіз арқылы мұнай экспорттауға қойылған шектеулер себеп болған.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі КҚК компаниясы арқылы мұнай экспорты бір айлақ арқылы жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Шабуылға ұшыраған танкерлердің бірі – Delta Harmony кемесі грек компаниясы Delta Tankers басқаруында болған және ол Tengizchevroil компаниясының қазақстандық мұнайын тиеуі тиіс еді. Тағы бір кеме – Matilda – Thenamaris компаниясына тиесілі және Қарашығанақ кен орнынан мұнай тасымалдауға дайындалған.
Thenamaris өкілінің айтуынша, Matilda кемесі балласт күйінде жүрген кезде екі дрон соққысына ұшыраған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ, кеменің палуба құрылымдарына болмашы зақым келген, оларды толық жөндеуге болады. Қазіргі уақытта кеме қауіпті аймақтан алыстатылып жатыр.
Теңіз қауіпсіздігі саласындағы дереккөздер кейбір танкерлерде өрт шыққанын, алайда оның жедел сөндірілгенін хабарлады. Сонымен қатар КҚК терминалы маңында тағы екі танкердің – Freud және Delta Supreme – дрон соққысына ұшырағаны айтылды.
КҚК құбыры арқылы мұнай Қара теңіздегі «Южная Озереевка» терминалына жеткізіледі. Бұл нысан Ресейдің оңтүстігіндегі Новороссийск қаласына жақын орналасқан.