«Қара өлім». 397 фашистің көзін құртқан қазақ мергені
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы Отан соғысында ерекше қайсарлықпен көзге түсіп, 397 жауды жастандырған Төлеуғали Әбдібеков «Қара өлім» лақап атына ие болған. Бүгін біз батырдың ерлігі мен өмірі туралы еске алуды жөн көрдік.
Өскен өңір
Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Семей облысы Жарма ауданында Әбдібек Насырханның отбасында дүниеге келген. Ол дүние есігін ашқан уақыт азаматтық соғыстың күшейген кезі болатын. 1932 жылы туыстарының шақыруымен Төлеуғали Оңтүстік Қазақстандағы «Пахта-Арал» кеңшарына көшіп, мақташы болып жұмыс істеді. Сол жерден Қызыл армия қатарына шақырылып, Хабаров аймағында әскери борышын өтеді.
Әскерден кейін Төлеуғали мақта шаруашылығымен тығыз айналысып, өз бригадасына басшылық етті. Кеңшардың сұлу қызы Найсымкүлге үйленеді. Екі баланың әкесі атанады. Бірақ екі баласы да ерте қайтыс болды.
Жастар тағы бала сүюді армандады. Төлеуғали Әбдібеков осы жерден Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, сонау Хабаровск аймағына әскерге қызмет етуге кетеді. Әскердегі алғашқы күндерінен бастап-ақ ол өзінің жинақылығымен, айрықша физикалық дайындығымен және жауынгерлік ептілігімен командирдің көзіне түседі. Атудан жарыс кезінде оған командирлер мен жолдастары аузын ашып, таңданып қарайтын. Ол оқ атудан ауданаралық армия жарыстарында да бірінші орындарды иеленіп келді. Әскерде қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін Төлеуғали өзінің туған совхозына оралып, мақта өсіру бригадасын басқарады.Алайда сұрапыл соғыс бұрқ ете түсті. 1942 жылы мамыр айында Шымкент облысының жаңадан жасақталған сарбаздар тобымен Төлеуғали Калинин майданына аттанды.
Ол жер Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Панфиловтың атындағы атақты бөлімшенің қорғанысы болатын.
Мергендер қатарына алынды. 8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясының әскери іс-әрекеттердің қысқаша есебінде 1942 жылдың өзінде аға сержант Әбдібековтің 219 фашисттің көзін жойғаны жазылған.
«Қара өлімнің» ерлігі
Әскерде жауынгер Әбдібеков мергендердің қатарына алынды. 8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында болды. Екі-ақ жылдың ішінде, нақты айтқанда, 1942 жылдың 14 мамыры мен 1944 жылдың 21 ақпаны аралығында жалғыз өзі 397 фашистің көзін жойды.
Төлеуғали мергендігімен ғана емес, ұстаздығымен де танылды. Ол өз полкінде мергендер қозғалысын ұйымдастырды. Сөйтіп, 32 мергенді дайындап шығарды.
8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясының "Отан үшін" газетінде 1942 жылдың 18 қыркүйегінде шыққан мақалада мынандай үзінді бар.
Қазіргі кезде мерген Әбдібековтың есебінде 102 гитлерлік солдат бар. Енді олар ешқашан біздің жерімізде сасық иісін таратпайды. Менің көзім көріп, қолым винтовканы мықтап ұстап тұрғанша фашистерге күн көрсетпеймін дейді мерген.
Оның атына 3-ші соққы әскерінің Әскери кеңесі құттықтау жеделхатын жіберген.
Құрметті Төлеуғали Әбдібеков жолдас! Әскери кеңес сізді соңғы шайқастарда фашистердің көзін табысты жоюыңызбен құттықтайды. Сіз 87 немістің көзін жойып, Отанға деген жанқиярлық махаббатыңызды және гитлерлік қанқұмарларға деген жеккөрушілігіңізді дәлелдедіңіз. Кеңес жерін неміс басқыншыларынан тазартудың ұлы және игі ісінде әрі қарай жеңіске жете беруіңізді тілейміз,- делінген.
Атағы жоқ батыр
Төлеуғали Әбдібеков қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған болатын. Алайда оған тек I дәрежелі "Отан соғысы" ордені ғана берілді.
Бұрынғы «Қызыл жұлдыз» елдімекеніне үш жыл бұрын батырдың есімі берілді. Қан майданда кеудесін оққа тосқан қаһарман ердің ерлігі солақай саясаттың кесірінен ескерілмей қалды деген жерлестері Төлеуғали Әбдібеков туралы деректерді өздері жинай бастапты.
Бірінші күндері-ақ өзінің қол мергендігін, сұр мергендігін көрсетіп, офицерлердің жоғарғы шенді фашистердің көзін жойғандықтан мергендер қатарына қосылады, - деді ауыл тұрғыы Серік Қырқымбаев.
Ал ауыл тұрғыны Аманжол Дәуітов Кеңес одағында мұндай ерлік көрсеткен батырлар кемде-кем дейді.
1944 жылдың 23 ақпанына дейін 397 фашистің көзін жоюы, бұл енді бір де бір Кеңес әскерінің снайпері ондай жетістікке жете алған жоқ. Бұл деген бір асқан ерлік, - деді ол.
Төлеуғали Әбдібековтің ерлігі жайлы біраз мәлімет Түркістан облысындағы Ақкент ауылындағы музейден табылды.
Төлеуғали Әбдібеков 1944 жылы ауыр жарақаттан қаза тауып, Калинин облысының Насва станциясында жер қойнауына табысталады.
23 ақпанда Әбдібеков 6-шы дәрігерлік-санитарлық батальонда алған жарақатынан қаза тауып, Калинин облысы Новосокольники ауданы Насва станциясының солтүстік-шығысында осыдан тура бір ай бұрын қайтыс болған досы Григорий Постольниковтың жанына жерленді. (қазіргі Псков облысы). Соғыстан кейін Псков облысының Монаково ауылындағы бауырлас әскери зиратына қайта жерленді.
Әділ шешім - Халық қаһарманы
Ал бүгін Төлеуғади Әбдібековке Президент Қвсым-Жомарт Тоқаев «Халық қаһарманы» атағын берді.
Біріншісі – атақты мерген Төлеуғали Әбдібеков. Ол бір өзі майдан даласында 397 жаудың көзін жойған. Бұл ерлік тиісті құжаттармен дәлелденген. Қазақтың қаһарман ұлы қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бірақ, ерлігі ескерусіз қалды, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шараға қатысқан Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменовтің туыстарына Халық қаһарманының ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін табыстады.
Төлеуғали Әбдібековтің туысы Айгүл Кемелбаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа және даңқты атасының атын мәңгі есте сақтауға атсалысқан жауапты тұлғалардың бәріне алғысын айтты.
Бұл – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз ерлеріміздің есімін жаңғыртып, оларды ұлықтай беретін боламыз. Өйткені, ерлік ешқашан ескірмейді. Майдангер аға буын кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге, – деді Мемлекет басшысы.