Қар тазалау. 1600-ден астам арнайы техника мен 2400-ден астам жұмысшы шықты
Астанада 1600-ден астам арнайы техника мен 2400-ден астам жол жұмысшы күндізгі ауысымда көшелерді қардан тазартуға шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жауын-шашынның мол болуына байланысты қарды тазарту жұмысы тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
9 қаңтардан 10 қаңтарға қараған түні шамамен 50 мың текше метр қар шығарылды, бұл 3444 жүк рейсіне тең.
Қыс мезгілінің басынан бастап елордада 1 654 224 текше метр қар шығарылды, бұл 121 мыңнан астам ауыр жүк рейсін құрайды.
Қалада жиналған қар арнайы полигондарға шығарылады.Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша Астанада 10 қаңтарда бұлтты, түнде қар, күндіз жауын-шашын (негізінен қар), боран болады.
Күндіз көктайғақ. Оңтүстік-батысқа ауысатын оңтүстік-шығыс жел 9-14 м/с, екпіні 15-20 м/с, күндіз 23-28 м/с.
Ауа температурасы түнде -16-18, күндіз -1-3 аяз.