Қар тазаламаған қарағандылық бизнесмендерге 9,5 млн теңге айыппұл салынды
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда өздеріне тиесілі аумақтағы қарды уақытылы тазаламаған кәсіпкерлер айыппұл төлейтін болды. Өткен аптада полицейлер рейд жүргізіп, банктер мен ресторандардың, дүкендер мен офистердің иелеріне 9,5 миллион теңге көлемінде 189 айыппұл салған.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қала көшелерінің қардан тазалуына көңілі толмайды. Ол өткен аптада кеншілер шаһарын аралап, әлеуметтік нысандардың ғана емес, жекеменшік кәсіпкерлердің кеңселері мен банктердің, дүкендер мен мейрамханалардың ауласындағы қардың тазаланбай жатқанын өз көзіме көрген.
Қалалық қызметтің жұмысын сынға алған аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдарға тапсырма берген болатын. Осыдан кейін іске кіріскен жергілікті билік екі мыңға тарта нысанды аралап, жеке аумағын тазаламаған бизнесмендерге ескерту жасап, айыппұл салды.
«Қазіргі уақытта қаладағы қарды тазалауға барлық арнайы техника жұмылдырылған. Яғни 261 техника қар тазалаумен айналысып жатыр. Мектептер мен бала бақшалардың, әлеуметтік нысандардың ауласындағы қарды шығаруға көп көңіл бөлінуде. Ол жерлердегі қардың шамамен 70%-ы шығарылды. Енді 2-3 күнде жұмыстар аяқталады. Өткен аптада мобильді топтар 1853 нысанды аралап, жалпы сомасы 9 миллион 544 мың теңге көлемінде 189 айыппұл салды. Қазіргі уақытта екі ауданда 34 мобильді топ жұмыс істеуде», - дейді қала әкімі Нұрлан Әубәкіров.
Оның айтуынша, облыс бойынша елді мекендердегі көшелерден миллион текше метрден астам қар шығарылған. Сондай-ақ, жеке тұрғын үй иелелерінің де тазалық сақтауына көңіл бөлу қажеттілігі ескертілуде. Жеке сектордың су астында қалмауы үшін ерте бастан қамданып, үйдің айналасындағы қарды тазартулары қажет.