Алматы жұртшылығы "Қар қызы" спектаклінің премьерасын тамашалады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында "Қар қызы" қойылымының премьерасы болды.

Жаңа қойылым көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің "Қар қызы" повесінің желісімен қойылған, режиссері Жұлдызбек Жұманбай.


Қойылымның алдында театр басшылығы баспасөз мәжілісін өткізіп, атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті. 


Бұл биылдыққа төртінші үлкен премьера. Қаңтар айын "Сүйікті менің ағатайым" премьерасымен бастағанбыз, одан кейін "Қобыланды", "Аттила" премьералары болды. Сонымен қатар, көрермендердің сұрауы бойынша "Бес бойдаққа бір той" қойылымын қайта шығардық, ондағы әртістер құрамы толықтай өзгерді. Оның үстіне "Мұқағалимен сырласу" поэтикалық композиция да көрерменге жол тартты. Биыл үш халықаралық фестивальге қатыстық. Дағыстанда өткен халықаралық фестивальде "Сүйікті менің ағатайым" гранприді ұтып алды, - дейді театрдың директоры Сәбит Әбдіқалықов. 

Қойылымның актерлер құрамы:


Нұржан – К. Бейсеғалиев, М. Асаубай;
Аманжан – Жанат Тыныбаев, Әлихан Лепебаев;
Бақытжан – Шерхан Пірназаров, Ришат Жұрынбай;
Қоңқай шал – Тұңғышбай Жаманқұлов, Бауыржан Қаптағай;
Сиыршы шал – Төлеубек Аралбай, Үсіпхан Сейтімбет;
Жылқышының қызы – Әсел Сайлауова, Әсел Әбдіхамитова;
Қолшатырлы қыз – Мәдина Келгенбай, Майра Абсадықова;
Қар қызы – Динара Үсенова, Индира Мендібаева.


Бұл шығармадағы басты мәселе табиғат пен адам арасындағы байланыс, Оралхан ағаның қай шығармасын алып қарасаң да, осы жайтты жазады. Қоңқайды жексұрын етіп те, қыңыр кісі етіп те бірнеше нұсқада ойнауға болады, - дейді әртіс Бауыржан Қаптағай.  

Қыс ортасында мал азығы таусылып, трактормен алыстан шөп әкелуге шыққан үш жас жігіт ақ қар, көк мұзда тау арасында жолдан адасады. Айнала аппақ әлем, үскірік аяз. Үсіп өлу қаупі туған кейіпкерлер үшін өмір мен өлімнің арпалысы басталып, олардың шынайы болмыстары ашыла түседі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы