Қар, көктайғақ, қатты жел: Павлодар облысында жүргізушілерге ескерту жасалды
Өңірде қар, жаңбыр, көктайғақ пен қатты жел күтіледі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар жолдар жабылуы мүмкін.
Павлодар облысында 7–8 қараша күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты қар, жаңбыр, көктайғақ және секундына 15–20 метрге дейін жететін жел күтіледі. Осыған байланысты тасжолдағы қозғалыс уақытша шектелуі мүмкін. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» мәлімдеді.
Жүргізушілерге жолда мұқият болып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау ескертілді. Қыс мезгілінің басталуына байланысты көлік иелеріне автокөліктеріне қысқы дөңгелек орнату ұсынылады.
Бұдан бөлек, өңірде ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдар жабылуы мүмкін.
Бұған дейін 7 қарашада Қазақстанның бірқатар өңірінде желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетіп, тұман түсіп, көктайғақ болып, жауын-шашын күтілетіні хабарланған еді. Сондай-ақ бірнеше облыста өрт қаупінің жоғары және төтенше деңгейі сақталады.