Бүгiн 2026, 13:27 Фото: pexels.com

Қар да, жылу да рекорд жаңартты: Қазақстандағы ерекше ақпан қандай болды?

Қазақстанда 2026 жылғы ақпанда температура рекордтары жаңарып, жауын-шашын нормадан бірнеше есе асты.

2026 жылдың ақпанында Қазақстанда ауа райы күрт құбылып, тарихи температура рекордтары тіркелді. Алматыда +23,6°C болса, кей өңірлерде -39°C аяз болды. Жауын-шашын мөлшері нормадан 6 есеге дейін артты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Қазгидромет" РМК дерегінше, ел аумағында аномальды жылу, қалың қар, боран және кейінгі қатты аяз қатар байқалды. Ауа температурасы көптеген өңірде климаттық нормадан 1-6°C-қа жоғары болды. Ал жауын-шашын көлемі кей аймақтарда бірнеше есе артқан.

Жауын-шашын нормадан бірнеше есе асты

Ақпан айының басында Қазақстан аумағында белсенді циклондық үдерістер орын алды. Атмосфералық фронттардың өтуі салдарынан қар қалың жауды.

Мәселен, 6 ақпанда Астанада бір тәулікте 23 мм жауын-шашын түсіп, айлық норма (17 мм) 135 пайыздан асты. Ақкөлде 21 мм жауын-шашын тіркелді (норма – 16 мм).

Түркістан облысындағы Ащысай метеостанциясында 9-10 ақпан күндері 91 мм жауын-шашын түсіп, айлық нормадан (74 мм) 23 пайызға артық болды.

19 ақпанда Абай облысында да мол жауын-шашын тіркелді – 15 мм (норма – 7 мм).

Ақпанда температуралық рекордтар жаңарды

Айдың басында елдің оңтүстік және шығыс өңірлеріне оңтүстіктен жылы ауа массалары келіп, жаңа температуралық рекордтар орнатылды.

2 ақпанда Шымкентте ауа температурасы +15,6°C-қа жетіп, 2021 жылғы рекордтан (+14,5°C) асты.
4 ақпанда Қызылордада +13,4°C, Түркістанда +17,5°C тіркелді.
6 ақпанда Павлодарда +2,8°C, Өскеменде +4,7°C болып, бұл көрсеткіштер де жаңа максимумға айналды.

Ақпанның екінші онкүндігінде де рекордтар жалғасты.
14 ақпанда Ақтауда +17,2°C тіркеліп, 2024 жылғы рекорд (+14,1°C) жаңартылды.
17-18 ақпанда Ақтауда +11,4°C болып, 1978 жылғы көрсеткіштен асты.

18 ақпанда бірден бірнеше қалада рекорд жаңарды:
– Павлодарда +3,4°C (1983 жылғы +0,5°C-тен жоғары);
– Семейде +5,6°C (1943 жылғы +3,3°C-тен жоғары);
– Көкшетауда +0,8°C (1978 жылғы +0,1°C-тен жоғары).

Ал 19 ақпанда Алматыда +23,6°C тіркеліп, 1859 жылдан бергі бақылау кезеңіндегі абсолюттік рекорд орнатылды.

Ай соңында қатты аяз орнады

Ақпанның үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағына суық антициклон келіп, жауын-шашынсыз тұрақты аязды ауа райы қалыптасты.

Солтүстік және шығыс өңірлерде ауа температурасы -30…-39°C-қа дейін төмендеді. Дегенмен ең төменгі температура бойынша абсолюттік рекордтар тіркелген жоқ.

Ақпан айының қорытындысы

Синоптиктердің мәліметінше, 2026 жылдың ақпаны Қазақстанда ауа райының жоғары құбылмалылығымен ерекшеленді. Аномальды жылу мен қатты аяз қатар байқалды. Жауын-шашын мөлшері нормадан 1,3-6 есеге дейін артық болды.

Астанада айлық орташа температура -11,4°C болып, бұл қалыпты көрсеткіштен 2,2°C-қа жоғары. Ең жоғары температура 18 ақпанда (+2,1°C), ал ең төменгі температура 27 ақпанда (-28,7°C) тіркелді.