Қар, боран, көктайғақ: 17 облыста дауылды ескерту жарияланды
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтауға шақырады.
«Қазгидромет» бүгін, 28 қарашада Қазақстанның 17 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялады.
Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарында қар жауып, боран соғып, көктайғақ болады деп болжануда. Қарағанды облысының солтүстігінде қалың қар түсуі мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашын аралас түсіп, көктайғақ пен боран күтіледі. Өңірдің солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ таулы аудандарында қалың қар жаууы ықтимал.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында қар аралас жауын-шашын, көктайғақ пен тұман болжанған. Ал Алматы, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарында негізінен тұман түсіп, кей жерлерде қар мен көктайғақ күтіледі.
Бірқатар өңірде желдің екпіні секундына 23–29 метрге дейін жетуі мүмкін. Алматы, Қонаев, Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларында түнде және таңертең тұман түседі деп болжанған.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтауға шақырады.