Қар басқан Алматының қазіргі келбеті қандай?

Алматыда кешелі бері толассыз жауған қар тұрғындарды біраз әбігерге салды. Тұрғындардың кейбірі жұмысқа кешіксе, жастар жағы қар атысып ойнап жүр. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі қаланың бүгінгі келбетін назарларыңызға ұсынады. 

Қалада қар қалың түскендіктен, 10 балдық көлік кептелісі пайда болды. Кейбір көшенің тазаланбауынан аяқ алып жүргісіз жағдай орын алды. Салдарынан тұрғындардың басым көпшілігі жұмысына кешікті.

Сағат 12.00-ден бастап жолдардың жүріс бөлігін тазалауға арнайы техника шығарылды. Тротуарлар мен қоғамдық орындарды тазарту жалғасуда. Айта кетерлігі, көшелерді қыс мезгіліндегі тазалау технологиясына сәйкес, жолдардың жүріс бөлігін көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу қар жауа бастағаннан кейін 20-40 минут сайын жүргізіледі, әрі олар жолға біраз сіңуі тиіс. Қар қабаты пайда болған кезде жүзеге асырылады. Материалдарды себу үш сағат ішінде жасалады. Асфальтқа жабыспайтын борпылдақ қар массасы пайда болғаннан кейін 3-5 сағат ішінде машиналар жиналған қарды тырмалайды және сыпырып шығады, – деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі. 

Даланың суығынан жанымыздан зу ете қалатын мопед жүргізушілері мен самокат тізгіндегендерді көзіміз шалмады. Оның орнына аппақ қардың үстінде ешкімге керексіз болғандай самокаттар құлап жатты. 

Таң атысымен кейбір троллейбус жүрмей қалды. Адамдар әрмен қарай басқа автобус күтулеріне тұра келді. 

Дегенмен мамық қардың жауғанына қуанған студенттер мен мектеп оқушыларын жиі көзіміз шалды. Көпшілігі қар атысып, мамық қармен ойнауға кіріскен.

 Тұрғындарды да фотоға түсіру кезінде қардың тоқтаусыз жауып жатқанына қуанышты екенін көруге болады. 

Қардың жауғаны жақсы ғой. Дегенмен біз бұлай толассыз жауады деп күтпеген едік. Таң атпай жұмысымызға келгенше, 2-3 сағат кетті. Әйтсе де қаланың ауасы тазарып, табиғатымыз аппақ нұрға шомылғандай әсер қалдырды. Қар жаумағаннан гөрі осындай ауа райы болғаны жақсы. Үйдегі балаларымыз да мәз-мейрам, сенбі, жексенбі күндері аққала жасағысы келетіндерін айтып жатыр. Дегенмен балаларды сабаққа апару қиын болып тұр. Онлайнға ауыстырса екен, – дейді Айнұр Келгенбай есімді қала тұрғыны. 

Алматыда алдағы екі күнде -27°С-қа дейін аяз болады деп болжанды. Қалалық білім басқармасы қашан және қандай жағдайда балалар қашықтан оқуға көшірілетінін атап өтті. 

Қазір Алматыда барлық мектеп оқушылары дәстүрлі офлайн форматта білім алып жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты сабақ тоқтатылған жағдайда, оқушылардың ата-аналары үшін ақпарат басқарма мен аудандық білім бөлімдерінің сайтында жарияланады, – деді Алматы қалалық білім басқармасы.

Ал Алатаудың бөктерінде аппақ қарға көмілген ағаштар мен таудың бейнесі әлеуметтік желі пайдаланушыларының назарынан тыс қалмады. Тұрғындар таудағы әсемдікті көре отырып, ғажайып әлемді көргендей сезінгенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы